Денсаулық

“Қынап тарылтып, қыздай етемін»: Желіде интим жаттығу жасап сынға ұшыраған сексологтар жұмысының маңыздылығын айтты

Әлеуметтік желіде интим гимнастикамен айналысып, қынапты тарылтатын жаттығу істеп жатқан әйелдердің видеосы сынға ұшырады. Осы мәселе төңірегінде Stan.kz тілшісі сала мамандары мен қоғамға танымал азаматтардың пікірін сұрап көрді. 

 

Қоғамның қызу талқысына түскен даулы видео интим тренер, сертификатталған сексолог Қасымжанова Меруерттің кезекті оффлайн сабағынан үзінді екен. Бүгінде 20 мың қыз-келіншектің алғысын арқалап отырған маман, әйелдер денсаулығы мен гигиеналық мәселелеріне көңіл аудармаса, қатерлі ісіктің саны артады деп алаңдайды.

 “Интим гимнастика қатерлі ісіктің алдын алады”

“Жалпы интим гимнастика өте кеңінен таралып жатыр. Өйткені бұл – әйелдердің жанайқайы. Осыған дейін ішімізде сақтап, кімнен кеңес сұрарымызды білмедік. Енді ғана дамып жатқан сала. Жыл өткен сайын әйел адамның терісі салбырап, бұлшық еттері босай бастайды. Ол әйелдің гинекологиялық жағына да әсер етеді. Қынап төмен түсіп кетеді. Зәр ұстай алмау, жиі жел жіберіп қою секілді сырқаттарға душар болады. Маған келетін әйелдер тек 4-5 бала туған емес, бала көтере алмаса да, қынабынан мәселесі бар қыз-келіншектер де бар. Бала көтермеген әйелдің төменгі жағы дұрыс деп ойлау қате. Қарапайым Кегель жаттығуын білмейтін қаншама әйел бар?! Кеңес заманында бұл тақырыпта сөйлесу ұят еді. Сол заманда бойжеткен қыз-келіншектердің де түсінігі басқа. Олар “ұят болады” деген шеңберге салып қояды. Мәскеуге оқуға барғанымда, ол жақтың кейбір әйелдерінің де таным-түсінігі осы деңгейде екенін байқадым. Менің ойымша, білмеу, ақпарат алмау – ұят”, – дейді интим тренер Меруерт Қасымжанова.

Сертификатталған маман интим гимнастикаға кәсіби тұрғыда анықтама беріп, тек төсек қатынасын ғана қарастырмайтынын айтты.

“Интим гимнастика дегеніміз тек төсек қатынасы емес. Ол – әйелдің денсаулығы. Жатыр – екінші жүрегіміз. Статистикаға сүйенсек, еліміз әйелдердегі қатерлі ісік дерті бойынша ондыққа кіреді. Бұл жақсы көрсеткіш емес. Міне, осы жағдайлардың алдын алу үшін әрбір әйел интим гимнастикамен айналысқаны дұрыс. Бізге сұраныс болғасын көбірек курс, сабақ өткіземіз. Ашық түрде қоғам болып талқылайтын тақырыптан ешкімнің қашпағаны жөн. Біз мәселені көріп тұрып, бір бұрышқа “ұят болады” деп жауып қоя алмаймыз. Мәселені тыққаннан ешқашан шешілмейді. Ауқымды түрде үлкен аудиторияға түсіндірген дұрыс”, – дейді интим тренер.

“Кіші дәретін ұстай алмайтын қыз-келіншек көп”

“9 жылда 35 мың әйелді қынабы ыстық келіншекке айналдырдым” деп жеке парақшасының маңдайшасына жазып қойған кәсіби сексолог Алина Шадинова белден төменгі әңгіме – күн тәртібінде тұрған мәселе екенін айтады.

“Біріншіден, курс өткізетін сексологтардың әрекеті дұрыс па деген сұрағыңыздан бастайық. Курс өткізетіндердің дені – сексолог емес. Ондай маман болу үшін кәдімгі жоғары оқу орнын бітіру керек. “Қынап тарылтып, қыздай етемін” дейтіндер – интим-тренерлер. Негізінен, бұл – өте өзекті тақырып. Бірақ біздің қоғамда кіндіктен төмен жақты ойлау ұят болып саналады. Мысалы, геморрой дертін емдейді. Телеарналардың жарнамасында ашық көрсетіледі. Тіпті, “Қанап жатыр ма, мазаңды алып жүр ме?” деген жарнама арасында сөз тіркестерін де естиміз. Сол секілді әйел адамның төменгі жағындағы мәселе де сырқат болып есептеледі”, – деп бастады әңгімесін сексолог.

Сондай-ақ тәжірибелі маман жас келіншектер арасында зәр жіберіп қою, бұлшық еттердің босауы секілді дерттің белең алып тұрғанын жасырмады.

“Кіші дәретін ұстай алмайтын қыз-келіншек өте көп. Бұрын 50 жастан асқан әйел адамдарда кездесетін. Қазір жас келіншектердің арасында, бір бала туғаннан кейін осындай мәселеге тап болып жатыр. Қазақ әйелдері тіпті ол жақты ойламай да жүре береді. Жалпақ тілмен айтқанда, әйелдер тоқ ішегінің төмен түскенін білмей, сезбей қалады. Күйеу екеуінің ара-қатынасын айтпағанда, әйелдің қалыпты өмір сүру жағдайына да кері әсер етеді. Біздің қыз-келіншектерге “Төменгі жағыңды ретте, қынабың кеңейіп кетеді немесе жатырың сыртқа шықса, өміріңе қауіп төнеді” деп айтсақ та, елемейді. Олар “эрозиям бар еді” деп жүре береді. Мән бермеудің салдары асқынған дертке әкеліп соғады. Айтайын дегенім, “Қынабыңды тарылтамын, күйеуіңді қаратып беремін” деп айтатындар – жарнамасын жақсы жасайтын интим-тренерлер. Оларда маркетинг жақсы жұмыс істейді. Сол үшін де түрлі әлеуметтік желіге шыға береді. Маман ретінде айтарым, қыз-келіншектер, 40 жасында төменгі жағына көңіл бөлмесе, 60 жасында бірреттік жөргек (памперс) пайдалануға тура келеді. Одан да сексолог мамандардың көмегіне жүгініп, табиғи жолмен реттеп алуға болады. Адамның жанды жері болғандықтан, кейін оған ота жасалуы да мүмкін. Өткізетін курстарымыздың бәрі табиғи жолмен жүзеге асырылады”, – дейді кәсіби маман.

“Былай істеу керек» деп ақыл үйреткендері жақсы нәрсе емес

TikTok желісі арқылы танымал болған имам Нұрлан Байжігітұлының айтуынша, желіде төсек тақырыбын талқылайтындар ұлттық құндылығымыздың құнын түсіреді әрі дініміз де ел болып талқылауды құптамайтын көрінеді.

“Айтып отырған мәселеңді көп жерде көтеріп, талқылап жүрмін. Қазір жабық тақырыпты ашық талқылайтындар көбейген. Соның бірі – сексолог, интим-тренерлер. Өз басым олардың әйелдерді жинап, курс өткізетіндерін құптамаймын. Төсек тақырыбы – біздің ұлттық құндылықтарымыздың бірі. Ертедегі әжелеріміз бір сексологтың алдын көрмей, сегіз баласын дүниеге әкелді. Мазалайтын сұрағымен маманның алдына келді ме, жеке өзімен жұмыс істесін. Әлеуметтік желіде отырып, камераны қосып қойып, «былай істеу керек» деп ақыл үйреткендері жақсы нәрсе емес. Интим деген жеке мәселе ғой. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) әйелге келген кезде жеке өзіңе айтқан. Сондаймен айналысып жүрген адамдарға айтарым – бұл үлкен қателік және ұят тірлік. Біздің отбасындағы қазақи құндылығымыз – бір нәрсені татып, бір нәрсені құсумен өлшенбейді ғой. Сондықтан бұл арсыздық нәрсе. Жеке төрт қағида бар. Біреуі ағайынның ортасы, екіншісі ер мен әйелдің ортасы, ұстаз бен шәкірттің ортасы, Алла мен пайғамбардың ортасы. Мұндай нәрсе көпшілік ортада айтылмауы керек», – деді дін өкілі.

 

Ашық жарнамаға қарсымын”

“Мейірім” қайырымдылық қоры арқылы бала көтере алмай жүрген әйелдерге көмектесіп, ұрпақ сүюге септігін тигізіп жүрген журналист Ләйлә Сұлтанқызы барлық нәрсе менталитетімізге сай болғанда ғана мәселе туындамайтынын алға тартады.

“Иә, жыныстық тәрбие кішкентай кезінен берілу керек керек. Ата-ана мен арнайы мамандардың да ықпалымен. Ұл өзінің ер бала екенін, қыз өзінің орнын біліп өссе дейміз. Қоғам деңгейінде талқыланатын тақырып болса да, курс деңгейінде талқыланатын тақырып емес. Курс болған күннің өзінде де, арнайы жабық платформаларда болмаса бала көрмейтіндей қылып жасау керек сияқты. Жеке басым ашық жарнаманы қолдамаймын. Себебі желіде кішкентай балалар да отырады. Қандай тәрбие болса да, менталитетімізге, салт-дәстүрімізге сай болғаны жөн”, – деген пікір айтты журналист.

“Төсекте қалай қосылу керегін көріп отырып, қатты ұялдым” 

Өнер өкілдерінің пікірін білмек болып, мәдениет қайраткері, әнші Жеңіс Ысқақоваға хабарласқанымызда, мұндай әңгімені бірінші рет естіп тұрғанын айтып, парақшаларын көрсетуімізді өтінді. Әншінің айтары да аз емес екен.

“Біздің кезімізде анатомия деген сабақ болатын. Қыздар мен ұлдарды бөлек отырғызып, оқытып үйрететін. Бәрін сол жерде жыныс органдарына қатысты ерекшеліктерді түсіндіретін. Әлеуметтік желіден көрдім, қазақ қызының отырып алып, айдан анық етіп, жыныстық қатынасқа қалай түсу керегін түсіндіріп отыр. Басты бетіне “ер азаматтарға арналмаған” деп жазып қойыпты. Оны оқыған еркектер міндетті түрде кіріп қарайды. Бұл парақшаларға өтпелі кезеңде жүрген жасөспірімдер де кіріп көреді. Курс өткізіп, сабақ сатқандарына қарсы емеспін. Бірақ ашық түрде көрсету – ұят. Одан да жыныстық сауат туралы мәлімет беріп, оның тазалығы мен жауапкершілігі туралы үйретсін. Төсекте қалай болу керегін, екеудің құпиясын жариялап отыр. Мен оны түсіне де, қабылдай да алмаймын. Түбегейлі қарсымын. Көріп және тыңдап отырып, бетімнің оты шығып, ұялдым. Парақшалардың бәрі ашық, қандай іс-әрекет жасау керегін видеомен үйретіп жатыр. Оны көрген балалар ашық түрде қосыла беруге болады екен деп ойламауына кім кепіл?! Күн сайын зорлық-зомбылыққа қатысты неше түрлі оқиғаларды оқып отырмыз. Ұрпақтың болашағына орасан зор зиян келетін тірлік деп түсінемін”, – дейді өнер иесі.

Жалпы сексолог мамандар және орталық ашып қызмет көрсетіп отырғандардың лицензиясы бар ма, сексологтардың жұмысын бақылайтын комитеттің айтар ойы қандай деген мақсатта Денсаулық сақтау министрлігімен байланыстық.

“Қоғамның наразылығын тудырған видео жыныстық қатынасқа қалай түсуді үйретеді. Бұл медициналық әрекет емес. Лицензия тек медициналық қызметпен айналысатын мамандарға ғана беріледі”, – деген жазбаша жауап алдық.

Другие новости

Back to top button