Туркестанская область

«Құшақтап, алдыма кел дейді»: Түркістан облысында ата-аналар мұғалімнің оқушы қыздарға тиісетінін айтып шу шығарды

Түркістан облысы Қарасу ауылының оқушылары мектептегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімінің үстінен шағым түсірді. Айтуларынша, бұрын сотталған педагог жоғары сыныптың қыздарына қол жүгіртіп, тиісіп, ұлдарды ұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

 

 

Әріптестері де мұғалімнің боқтық сөздер айтатынын мәлімдеді. Ол жақында орнынан босатылған директордың күйеуі екен.

“Алтай ағай дене шынықтыру сабағында бізге тиісіп, азғындайды. Құшақтап, аяғымыздан ұстайды, сипалайды. Біз ата-анаға айтуға қорқамыз. Құшақтайды, әсіресе, 9-10-сыныптың қыздарына тиіседі. Тұрып ап ұстап, “менің алдыма кел” дейді. Кейбірін бұрышқа тығып қояды. Солармен сөйлесіп тұрады”, – деді оқушы қыз.

Мұғалімінің мұндай әрекетін естіген оқушының анасы қызын бірден басқа мектепке ауыстырыпты. Полицияға да арыз жазған келіншек жағдайды соңына дейін апаруға ниетті.

“Енді арызданамын. Оған дейін білген жоқпын. Білсем, бірден арызданып шығатын едім. Жұмыстан шығартар едім”, – деді ата-ана Шахиста Жалмұрзаева.

Қыздарға қол жүгірткен мұғалім ұлдарға жұдырық жұмсайды дейді. Былтыр кеуде тұсынан соққы алған 9-сынып оқушысы медициналық көмекке жүгінген көрінеді. Анықтамасы да бар, бірақ оқиға жылы жабылған.

“Қазірдің өзінде 3 жыл 6 ай соттылығы бар. Сондықтан қаншалықты бұл кісінің жұмыс істеуге болатыны, болмайтынын құзырлы органдар шешетін шығар. Өйткені сот солай шығарып берген екен”, – деді М.Сапарбаев атындағы жалпы орта мектебі директорының орынбасары Маржан Бердімұратова.

Мұғалім мамырда орнынан босатылған директордың күйеуі екен. Әйелінің қызметін пайдаланып, өзге мұғалімдерді сағатынан айырамын деп қорқытыпты.

“Айқайлап, боқтап, қоқан-лоққы көрсетті. “Неге сен шағымданасың” деп бас салып, мектептің алдында жанжал шығарды” , – деді М.Сапарбаев атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Ұлықбек Гүлбаев.

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ақысыз еңбек демалысына шығып кеткен екен. Мұғалімнің бұрын жасаған қылмысы балаларға қатысты болмағандықтан, жұмыс істеу мәселесіне кедергі келтірмейді, дейді прокурорлар.

“Мұғалімнің оқушыға қол көтергені туралы дерек пайда болды. Ол дерек 2023 жылдың 10 сәуірінде болған. Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 140 бабы 2-бөлігімен “Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды”, – деп мәлімдеді Сайрам ауданының прокуроры Дәулет Тілемісов.

Другие новости

Back to top button