«Сумен бірге қасқыр мен жабайы шошқалар ағып келді»: Петропавлда жалған ақпарат таратқан азамат жауапқа тартылды
Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына қатысты жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
TikTok желісінде Петропавлдағы су басқан Подгора ауданында сумен бірге қасқыр мен жабайы шошқалар ағып келді деген хабарлама тараған. Полицейлердің хабарлауынша, жалған ақпарат таратқан адамның 20 жастағы Петропавл тұрғыны екені анықталды.
Ал оның қатарласы TikTok әлеуметтік желіcінде екі бала су тасқынынан қаза тапты деген жалған ақпарат таратқан.
«Шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратушылардың екеуіне қатысты әкімшілік материал жиналуда. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2 бап 3 бөлігі (Жалған ақпарат орналастыру, тарату) бойынша оларға 20 АЕК-ке дейін айыппұл салынады», — делінген хабарламада.
Полицейлер азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырады. Жалған жаңалықтар адамдарға жағдайды басқаруды қиындатады дейді олар.
Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды облысында үйін су басқан тұрғындар біржолғы өтемақыны ала алмай отырғаны туралы жазған едік. Біржолғы көмек – әр отбасына 370 мың теңге шамасында және жоғалған мүлкі үшін өтемақы төленеді.