«Жазда ғана жылынамыз»: Кентау тұрғындары күннің суығында жылусыз отыр
Қыстың суығында жылусыз қалған Кентау тұрғындары электр жылытқыштарын қосып, амалдауға мәжбүр. Салдарынан электр энергиясының төлемақысының құны аспандап кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК”арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Кентаулықтар жылу ақысын төлеуден бас тартып отыр. Наразы халық қаланы жылумен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешуді талап етуде.
“Мен осындай суықта тұрып жатырмын. Мұндай жерде өмір сүру мүмкін бе? Сіздердің үйлеріңіз жылы, солай ма? Ал мен ұйықтарда қалың киініп алып жатамын. Қайтпек керек? Мен тұмауратып қалдым. Бронхитім тағы бар. Ине де салдым, емделдім. Бірақ ештеңе көмектеспейді. Ауруым жазылмады. Не істеуім керек”, – дейді ашынған қала тұрғыны Лидия Островская.
Әр пәтерде электр жылытқышы бар. Тіпті кейбіреуі екі жылытқыш қосып отыр. Электр желісі мұндай шамадан тыс кернеуге шыдай алмай, қала жиі жарықсыз қалады. Үйінде бірнеше қабат киім киіп жүретін тұрғындардың “жазда ғана жылынамыз” деген әзілінің астарында мұң жатқандай.
Қала халқының наразылығына шенеуніктер “жылу электр орталығындағы төрт қазандық қалыпты жұмыс істеп тұр, тағы екеуі жөндеуде” деп жауап берді. Сондай-ақ тұрғындарға пәтерді жылы ұстау үшін үй ішіндегі желілерді бақылауға кеңес берді.
“Заң бойынша көппәтерлі үйдің әр тұрғыны пәтердегі жылыту құбырын өзі ауыстырып, батареясын тазалап отыруы қажет. Өкінішке қарай, мұндай жұмыстар жүргізілмейді. Қазір біз температураны үнемі арттырып жатырмыз. Сәйкесінше бірқатар үйлер жылынып қалды”, – дейді қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов.