«Көп қабатты үйге пеш орнатқан»: Алматы облысында жүздеген отбасының жылусыз қалу қаупі бар
Осы қыста Алматы облысында 100-ге жуық отбасы жылусыз қалу қаупі бар. Cебебі Кеңдала ауылы газбен қамтамасыз етілмеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Алматы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тұрғындар құбырларды тұрғын үйлерге жеткізу үшін ақша төлеп қойғандарын айтады. Бірақ жоба қандай да бір себептермен жүзеге аспай жатыр.
Отыз жыл бойы тұрғындар орталық жылытумен қамтамасыз етілмеген. 21 ғасырда көпқабатты үйде адамдар көмір пештерін орнатуға мәжбүр. Заң бойынша бұған қатаң тыйым салынғанымен, ауыл тұрғындарының басқа амалы жоқ. Құбырлар тозған. Ал зең тұрғындардың денсаулығына зиян тигізеді.
Ауыл тұрғындары биыл газбен қамтамасыз етілетініне сеніп, көмір алып, дайындалмаған.
“Ақшаны қайдан табамыз? Құбырларды өткізу үшін 80 мың беріп қойдық. Егер мәселе шешілмесе, әкімдікке жүгінеміз. Электр тогы арқылы жылытуға зейнетақым жетпейді. Оған көп ақша керек”, – деді Кеңдала ауылының тұрғыны Серафима Колачова.
“Биыл газ келеді деген үміт берілді, барлығы толқып кетті. Біз бұрынғы жылыту жүйесін толығымен бөлшектедік. Осы мәселені БАҚ-қа шығарғандықтан, тұрғындарды АӘК-тен айырамыз деп айтты. Олай болмайды ғой АӘК арқылы жалғызбасты аналар күндерін көріп отыр. Көптеген тұрғындар жылыту жұмыстарын жүргізу үшін несие алды”, – деді кеңдалалық Назипа Үсембаева.
“30 жыл бойы адамдар жылытусыз өмір сүрді. Мұндай мәселе оларда ғана емес, бұл ауылдық округте де, тіпті ауданда да бар. Талғар аудан орталығының өзі 2020 жылы ғана орталық жылытуға қосылған. Қалған ауылдарды бір уақытта қоспайтыны анық”, – деді Кеңдала ауылдық округі әкімінің орынбасары Әйгерім Айтжанова.
Шенеуніктер келесі жылы ғана орталық жылытуды қолға алмақшы. Сондықтан осы қыста адамдар өз күштерімен күнелтеді. Алайда көптеген тұрғындар ауылдан көшуге шешім қабылдады.