Шымкент

Біреуі ғана аман қалды: Шымкентте автобус басып кеткен тағы бір адам көз жұмды

Қазір 18 жастағы қыз қалалық клиникалық ауруханада жатыр

Шымкентте автобус дөңгелегінің астында қалып қаза тапқандар саны беске жетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оtyrar.kz жазуынша, жансақтау шараларына қарамастан, 14 жастағы қыз алған жарақатынан көз жұмды. Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасынан хабарлады.

Осылайша, жантүршігерлік апаттан зардап шеккен алты адамның біреуі ғана аман қалды – қазір 18 жастағы қыз қалалық клиникалық ауруханада жатыр.

«Дәрігерлердің айтуынша, зардап шегуші нейрохирургия бөлімшесінде ем қабылдап жатыр, жағдайы тұрақты», — делінген хабарламада.

Еске салайық, 8 сәуірде қаладағы Бәйтереков-Назарбеков көшелерінің қиылысында жүргізушінің басқаруынсыз қалған автобус еңіске қарай жүріп кетіп, қатты жылдамдықпен 6 адамды қағып кеткен болатын. Зардап шеккендердің үшеуі оқиға орнында қаза тапты, тағы екеуі ауруханада көз жұмды. Бір қыз аман қалды, қазір ол дәрігерлердің жіті бақылауына алынған.

Аталған оқиғаға қатысты шенеуніктер мен көлік компанияларының иелері қоғамдық көліктегі қауіпсіздік мәселесі бойынша шұғыл жиын өткізді. Жиында оған қатысушылар адам өліміне әкелген апаттың себептерін жан-жақты талқылады. Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұхтар Қоқанбаев қайғылы оқиғаның басты себебі – «адам факторы» деп атады.

Сондай-ақ әкімдік биыл реформа нәтижесінде қысқарған кондукторларды қоғамдық көліктерге қайтаруды жоспарлап отырмағанын айтты.

Другие новости

Back to top button