Әкесі балаларының көзінше анасын ұрып өлтіре жаздады
Дина Таңсәрінің айтуынша, күдікті әлі де бостандықта жүр
«Немолчи» қоғамдық қозғалысының негізін қалаушы Дина Таңсәрі Павлодарда болған сұмдық жағдай туралы жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Әкесі 12 жастағы ұлы мен 7 жасар қызының көзінше анасын 8 келілік гантельмен ұрған. Жәбірленуші 2 литр қан жоғалтқан. Қазір әйел мүгедекке айналды. Дәрігерлер оның тірі қалатынына күмәнданған. Себебі , әйел 8 күн бойы комада болды, дәрігерлердің арқасында ол қайта тірілді деуге болады», — деп жаздыДина Таңсәрі.
Оның айтуынша, балалар қатты қорқып, есеңгіреп қалған, Тіпті, туыстарына есік ашуға қорыққан.
Дина Таңсәрі оқиғаның қалай өрбігенін айтып берді. Әкесі таңертең үйден кеткелі жатып, хәл үстінде жатқан әйелі мен балаларына полиция мен туыстарына қоңырау шалуға тыйым салған. 7:15-те әпкесі қоңырау шалып, балалардан видео арқылы анасын көрсетуді және есікті ашуды ұзақ уақыт өтінген. Туыстары мен жедел жәрдем бір сағаттан артық пәтерге кіре алмаған, анасының қасында жатқан балалар олармен whatsapp-тағы бейне арқылы сөйлескен. ТЖМ есікті бұзудан бас тартқан.
Құтқарушылар үйге кіргенде балалар шыңғырып, анасы комаға түскен.
«Ең қорқыныштысы, Павлодар полициясы бұл қылмыста кісі өлтіру әрекетін көрмеген, тек денсаулыққа қасақана ауыр зиян (106-бап 1-бап) келтіргенін байқаған. Күйеуінің туыстары жәбірленушіні алдап, татуласу туралы қағаздарға қол қойдырып, моральдық және материалдық зиянның орнын толтырудан бас тартқызуға көндірген. Ал қылмыскер Павлодар полициясы мен прокуратурасының арқасында жауапкершіліктен жалтарды», — дейді қоғам белсендісі.
Ол Ішкі істер министрлігінен тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминалдандыруды сұрайтынын жеткізді.
«Біз қылмыстық істі ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі бойынша қайта саралауды, аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру әрекеті ретінде қарауды талап етеміз. Күдікті адамды дереу қамауға алу керек. Бұл-цинизм, неге балалардың психологиялық жағдайын ешкім назарға алмады? Неліктен балалар жәбірленуші деп танылмады? Біз қандай қорқынышты елде тұрамыз. Мемлекет бізге адамның негізгі қажеттілігін — қауіпсіздік пен қорғауды қамтамасыз ете алмай отыр», — деді ол.