Жамбыл облысында әскерге жақында шақырылған сарбаз заставада оқ жаудырған
Құрбандар мен зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ
Жамбыл облысындағы шекара заставаларының бірінде әскер қатарына енді шақырылған сарбаз оқ жаудырған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша 19 жастағы әскерге шақырылған жігіт автоматын ала сала, айналасына оқ жаудырған. Құрбандар мен зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.
Оқиға Жуалы ауданында сенбіден жексенбіге қараған түні болған. Түнгі сағат үштер шамасында атыс болып жатқанын жақын маңдағы Алатау ауылының тұрғындары ести сала дабыл қаққан.
Ал шын мәнінде не болғаны және сарбаздың қазір қайда екені бірнеше күн өтсе де белгісіз күйде қалып отыр. Ведомстволар бұл оқиғаға қатысты қысқа ғана түсініктеме берді. Әскерге шақырылушының үстінен атыс қаруын ұрлағаны үшін іс қозғалғаны белгілі болды.
«Аталған дерек бойынша ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының Тараз қаласы бөлімі ҚР Қылмыстық кодексiнің 291-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесі үшін бұл факт егжей-тегжейлі жария етілмейді», — делінген Оңтүстік өңірінің әскери прокуратурасының хабарламасында.