Таразда жүргізушілер 4 күннен бері сұйытылған газ таппай жүр
Жауапты тұлғалар сұйытылған отын мәселесін 2 аптада шешеміз деп сендірді
Таразда газ құятын бекеттердің көбінде автогаз сатылмай жатыр. Кейбірінде тек талонмен береді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Хабар 24-ке сілтеме жасап.
Таразда темір тұлпар тізгіндегендер 1 айдан бері автогаздың тапшы болып жатқанын айтады. Бұл мәселе соңғы 4 тәулікте өршіп кетті. Бұрын сұйытылған газды таңдап жүріп құятын жүргізушілер, қазір тапса қуанатындай жағдайға жеткен. Оның өзінде кезекте тұрып, тек талонмен сатып алуда. Көлігі газбен жүретін жүргізушілер соңғы күндері газы бар бекет іздеп әлек. Себебі сұйытылған газ бірен-саранында ғана бар. Кейбірі әр көлікке шектеу қойып, 1500 теңгеге құюда.
«Бүкіл қалада газ жоқ. Бір сағаттан бері айналып айналып, осы жерге келдік. Осы жерде бар екен әйтеуір Құдайға шүкір. Қанша күн болды уже. Мен қазір пригородтан келіп тұрмын. Жылда осы ғой жылда. Былтыр да осындай уақытта өстіді да постепенно бағасын көтерді. Сол жағдайға әкелмесе болды», — дейді қала тұрғыны Қыдырбай Сағидулла.
«Газ өзімізден шығып жатыр. Бірақ газ жоқ та еш жерде. Бәрі лимитпен. Бала-шағамызды әрине осы көлікпен асырап жүрміз. Ең болмаса осы газ арзан болса дейміз», — деді қала тұрғыны Асхан Рақышев.
Мәселені облыстық энергетика басқармасы растады. Олар сұйылтылған көгілдір отынды Ақтөбелік компания жеткізетінін мәлімдеді. Дегенмен, тасымалдауы кешіккендіктен келеңсіздікке тап болдық, — дейді.
«Бізге вагон цистерналар 10-14 күнде келуде. Сол мерзімді қысқарту бойынша әрбір мекемеге келісімшарт аясындағы бөлінген вагондарды қадағалап. Бізге Тараз қаласына жылдамдатып, мерзімді қысқартып, қысқа мерзімде жөнелту бойынша бірлесіп жұмыстар атқарудамыз, — деп түсіндірді Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы Мәулен Қожақов.
Жауаптылар автогаз мәселесін 2 апта ішінде шешпек. Жалпы облысқа желтоқсан айына 5 мың тонна сұйылтылған мұнай газ бөлінген. Аталған өнімді облыстағы 34 жекеменшік бекеттер сатады.