Экспортқа тәуелді: Түркістандық мақташылар өнімдерін сата алмай отыр
Диқандар шығынға батқанымен жергілікті билік мақта бағасына араласуға қауқарсыз
Түркістан облысындағы мақташылар ала жаздай еңбек етіп өсірген өнімін сата алмай отыр. Қазір Жетісай, Мақтаарал, Шардара мен Ордабасы аудандарында тау-тау болып жиналған мақтаға сұраныс жоқ. Бұл туралы Azattyq Ruhy «Қазақстан» ұлттық телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Өйткені жыл сайын шетелге сататын трейдерлік компаниялардың өкілдері биыл келмеген.
Оның үстіне жанар-жағармай мен селитраның, минералды тыңайтқыштардың бағасы қымбаттап диқандар шығынға баттық дейді. Ал, жергілікті билік мақта бағасына араласуға қауқарсыз.
«Мақтаны енді өліп-тіріліп 40 градус, 50 градус ыстықта бала-шағамызбен жабылып әйтеуір болдырамыз. Шит те қымбат, қымбат емес зат жоқ. Селитра да қымбат, солярка да қымбат. Не болмаса шекараны ашсын, өткізейік сол жаққа барып. Бізден қабылдамайды екен, біздің аяқ-қолымызды зауытқа апарып матап бергенше. Не болмаса мемлекет көңіл бөлсін, субсидия берсін», — дейді шаруа Базарбек Қыдырбеков.
Бұл жайт шаруалардың экспортқа тәуелді екендігін тағы да көрсетіп отыр. Мәжіліс депутаты Қайнар Абасов түркістандық мақташылардың мәселесін көтеріп, Үкіметтен шара қабылдауды сұрады.
Халық қалаулысының айтуынша, Түркістан облысында 1 миллионнан астам тұрғынның әлеуметтік-экономикалық жағдайы мақта өндірісімен байланысты. Қолдаудың жоқтығынан шаруалар агротехника шараларын толық көлемде жүргізе алмайды. Сапалы тұқымдардың болмауы жоғары өнім алуға да мүмкіндік бермейді дейді, депутат.
«Қазақстан мақтасының сапасын жақсарту және оны әлемдік нарыққа шығару үшін мақта шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу және енгізу қажет, оған жергілікті атқарушы органдар мен мақта өндірушілері тартылуы тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі жоғары сапалы мақта сорттарын сатып алу мәселесін пысықтауы және өндірілген сапалы өнімдерді сұранысы мол Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде өткізу жолдарын қарастыруы керек», — деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасов.