Түркістан облысында ер адам ломбардқа қарулы шабуыл жасаған
Күдіктінің жеке басыбейнебақылау камерасындағы жазба арқылы анықталды
Жетісайда ломбард қызметкерін қарумен қорқытып, 1,2 млн теңге жымқырған күдікті қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жетісай аудандық полиция бөліміне қалада орналасқан ломбардтардың бірінің қызметкері арызданған.
«Жұмыс орнына кешкі уақытта басына жаздық бас киім мен бетіне медициналық бетперде тағып алған белгісіз біреу кіріп, қызметкерді қарумен қорқытып, ақша талап еткен. Үрейі ұшқан жәбірленуші сол мезетте күдіктіге кассадағы 1,2 млн теңгені ұстата салған. Оңай олжалы болған күдікті оқиға орнынан ізін суытқан», — делінген ІІМ хабарламасында.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша тіркеді.
Аталған ауыр қылмысты ашу үшін полиция бөлімінің тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнына шұғыл жетті. Нәтижесінде бірнеше күн ішінде бейнебақылау камерасындағы жазба арқылы күдіктінің жеке басы анықталды.
Тәртіп сақшылары сезіктіні тұрғылықты мекенжайынан ұстап, полицияға жеткізді. Ол жұмыссыз, жергілікті тұрғын болып шықты.
«Анықталғандай, күдікті тонау әрекетіне бармас алдын қаладағы бірқатар ломбардтарды бақылап шыққан. Содан жәбірленуші тараптың ломбарды кешке дейін істейтінін біліп, аталмыш алтын қабылдау орнын тонауды діттеген. Барынша қараңғы түскенін пайдаланып, өз арам ойын жүзеге асырған. Сезікті өз сөзінде бұл әрекетке ақша қажет болғандықтан барғанын жеткізді. Ал айғақты зат ретінде күдіктінің пневматикалық тапаншасы алынды», — делінген хабарламада.
Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.