Туркестанская область

ЖАҢА КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Түркістанда белгілі сазгер, Шардара ауданының «Құрметті азаматы», әнші Лесбек Амановтың өмірі мен шығармашалығына арналған «Қара бауыр қасқалдақ» атты музыкалық әдеби кеші өтті.

 

Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Фараб» ғылыми әмбебап кітапханасында өткен кеште сазгердің әндері жинақталған жаңа кітаптың тұсауы кесілді.

 

Шығармашылық кеш «Созақ» триосы әдемі әнімен басталып, Лесбек Амановтың мол мұрасы жайлы естеліктермен жалғасты. Құттықтау сөз алған Облыстық мәдениет басқарма басшысының орынбасары Асылхан Темірхан: «Лесбек Амановтың әрбір туындысы ел арасында кеңінен танылып, халық әніне айналып кетті десек болады. Ұзақ уақыт бойы өңір мәдениетіне аянбай қызмет етіп, қазақ ән өнеріне зор еңбек сіңірді. Өміршең әндерін насихаттау біздің парызымыз» — деп, кей әндерінің шығу тарихына тоқталып өтті.

 

Сонымен қатар, Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай мен Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының басшысы Мейіржан Алиакбаров та өз сөзінде сазгердің ән әлемі мен кітаптың шығу барысы жайлы айтып өтті, сондай-ақ ән сүйер қауымды құттықтады. Содан соң зиялы қауымның қатысуымен жаңа ән жинақтың тұсауы кесілді. Бұл кешті белгілі ақын, термеші Әбдіғаппар Айдаров жүргізіп отырды.

 

Әсем кеште сазгердің елімізге танымал үздік әндерін облыстан шыққан өнер иелері орындап шықты. Шардара ауданының облыс орталығындағы мәдениет күндері аясында өткен аталмыш шара мақсаты Түркістан өңірінен шыққан тұлғалардың еңбегін дәріптеу арқылы қазақ ән өнеріне үлес қосу және ел арасында сазгер туындыларын кеңінен насихаттау болып табылады.

Айта кетейік, Лесбек Амановтың 100-ден аса әнi бар. Оның ішінде «Армандастар», «Ақ торғын», «Шолпанға сағыныш», «Шаңырағыңды шайқалдырмай сақтап қал», «Дүние-ай», «Жас келіннің сәлемі», «Әке мейірімі», «Біздер де ғашық болғанбыз» және басқа да әндер бар. Ал Желтоқсан оқиғасына байланысты Есенғали Раушановтың сөзіне жазылған «Қара бауыр қасқалдақ» әні Лесбек Амановтың есімін барша қазаққа танымал етті.

 

Другие новости

Back to top button