Кентауда дәмханадан фаст-фуд жеген 8 азамат ауруханадан бір-ақ шықты
Түркістан облысында жыл басынан бүгінгі күнге дейін тағамдық токсикалық инфекцияға шалдығудың 2 жағдайы тіркеліп, жалпы 15 адам зардап шеккен. Тамақтан уланудың біреуі үй жағдайында орын алса, екіншісі Кентау қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінде болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Кентаулық 8 азамат орталық ауруханаға жатқызылған. Снитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына шұғыл хабарлама келген соң жүргізілген тексеру жұмыстары олардың фаст-фуд әзірлеумен айналысатын дәмханадан суши, пицца, тауық етінен лаваш, чикен жегені анықталды. Тағы 5 азаматтың дәл сол орыннан тапсырыс арқылы пицца, чикен тағамдарын тұтынып, жедел ішек жұқпасы диагнозымен ауырғаны белгілі болды», — делінген ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің хабарламасында.
ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті адам денсаулығына қауіп төндірген тамақтану орнына қатысты тексеру жүргізу бойынша шаралар қабылдады. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі кәсіпкерлік нысанды тексеру барысында өнімдердің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттардың болмауы, ірімшік және шұжық өнімдерінің жарамдылық мерзімдерінің өтіп кеткені, қызметкерлердің мерзімдік және профилактикалық медициналық қарап тексеруден өтпеуі, жұмысқа рұқсаттарының болмауы сынды т.б кемшіліктерді анықтады.
Дәмхана иесі — жеке кәсіпкерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабының 1-тармағына сәйкес 230 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, аталған нысанға санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алмай жұмыс жасағаны үшін аталған Кодекстің 463 бабы 1-тармағына сәйкес хаттама толтырылып, іс-құжаттары сотқа жолданды