Туркестанская область

«Дәлізде де сабақ өтеді». Түркістанда оқушылары төрт ауысымда оқитын мектеп бар

Өңірде төрт ауысымда бала оқытып отырған білім ошағы  бар. Сарыағаш ауданындағы Нұрлы жол ауылында арнайы мектеп жоқ. Осының салдарынан ауыл балалары ескі жатақханада оқып жүр. 30 жылдан бері білім ошағына айналған тар ғимаратқа 700-ге жуық бала сыйысуға мәжбүр.

Нұрлы жол ауылындағы жалғыз мектеп — жарты ғасыр бұрын бау-бақша өнімдерін жинаушыларға арнап салынған тар жатақхананың ғимараты. Тар ғимаратта 670 бала төрт ауысымда сабақ оқып жүр. Ата-аналар бір баласын таң қылаң бере шығарып салса, енді бірін қас қарайғанда күтіп алаңдайтындарын айтады, деп хабарлайды Astana.tv.

Үлкенім сағат 8-де барады, екінші ұл балам сағат 12-де мектепке келеді, үшіншім 14:00 -де оқиды. Төртіншім кішкентай қызым, екінші сынып оқитын қызым сағат 4-те келіп, 7 жарым 8 -де үйге қайтады кешкісін. Қазір мысалы кеш батып жатыр, ертең қыста мүлдем қараңғыда қалып кетеді. Мысалы бізде иттер бар, қыз баласын қорқамыз көшеге шығаруға.

Сарыағаш ауданының тұрғыны Ботагөз Медешова

Ескі жатақханада небәрі 10-ақ бөлме бар. Сынып жетіспегендіктен тар дәлізге дейін парта мен орындықтарды қойып амалдауда. Ал мұғалімдер дәлізде отыр. 70 мұғалім бір үстелге сыйысуға мәжбүр. Мәселен, мектептің қос орынбасары мен психолог және медбикесі бір кабинетке жайғасқан. Басқа амалдары жоқ. Мектептің тақта, партасы жаңаланбағалы да қай заман, — дейді мұғалімдер.

Санэпидстанция «стандартқа сай емес» дейді. Тақталарың тесік, парталарың анау, есік алдында асфальт жоқ, — дейді. Оның бәрін мұғалімдер істемейді ғой. Есік алдын қолдан келгенше цемент құйдық, сөздің шыны керек. Қалқанша орнаттық оқушылар құламасын, мұзда тайғанамасын деп.  Қолдан келгенше істеп жатырмыз, сонда да мұғалімдерге 670 мыңнан артық айыппұл салады, төлейміз.

Б.Омаров атындағы №50 мектептің мұғалімі Ержан Бекназаров

Қиындықтан шығу үшін мұндағылар осы маңдағы бұрынғы асхананы да кәдеге жаратыпты. Соңғы он жылдан бері ескі ғимаратта біресе мерекелік шаралар өткізіп, енді бірде спорт залына айналдыратындарын айтады. Кей кезде сабақ та өтеміз десті. Ауыл азаматтары соңғы жеті жылдан бері жаңа мектеп сұрап ашпаған есігіміз қалмады деп отыр. Тіпті жаңа ғимаратқа өз жерлерін ұсынып, құжатын да туралап бергенін айтады. Бірақ шенеуніктер мәселені шешуге асығар емес деп өкпелі.

Мектептің 320 орындық боп құжатта жазылып кеткені жалған ақпарат болған. Сол кездегі білім басқармасы және сол кездегі директор боп отырған адамдар солай жазып жіберген. Соны дәлелдейміз деп, осы уақытқа дейін келдік. Сендерге 320 орындық болғаннан соң, екі ауысымға 640 орындық болады, сендерде мектеп жақсы, деп қайтара береді. Ал, шын мәнінде, жүз бірдеңе-ақ оқушы кетеді, шаршы метрге шаққанда.

Сарыағаш ауданының тұрғыны Қанат Шыныбеков

Алайда білім саласындағылар өңірде төрт ауысымда бала оқытатын мектеп жоқ деп отыр.  Ал мәселеден хабардармын деген аудандық білім бөлімінің басшысы мәселе таяу мерзімде шешілетінін жеткізді. Айтуынша, мектеп жанынан жаңа ғимарат салынбақ.

Қазіргі таңда 300 орындық мектептің құрылысы жоспарлануда. Бүгінгі таңда мердігер анықталды. Биылға жоспарланған 10 миллион ақшасына қазан айынан бастап котлован қазып басталады. Жалпы құны 1 миллиард 151 миллион 712 мың теңге.

Сарыағаш аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Дәулет Ақатов

Жаңа мектептің құрылысы бір жылда аяқталады деп сендіріп отыр шенеунік. Бұқара «баламызды ит қауып, көлік қағып, жазым болады ма» деп алаңдайды.

 

Другие новости

Back to top button