Бұдан бұрын Кереку өңірінің бұрынғы әкімі Ерлан Арынның әзіргі жағдайына алаңдаушылық танытқан бір топ зиялы қауым өкілі Н. Назарбаевтың атына Ашық хат жазғаны белгілі. Хат иелері Мемлекет басшысынан Арынның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдарының заң шеңберінде жүргізілуіне, сондай-ақ ақпарат құралдары арқылы оның жеке басын қорлау әрекетіне тосқауыл қойылуын өтінген тұғын. Біз аталған хатты ұйымдастыруға бастамашы болған ақын, Қазақстан жазушылар одағы Басқармасының мүшесі Арман Қанимен әңгімелестік.
- Ерлан Арынға «қоқан-лоққы көрсетілуде, күш қолданылуда» деген сыңайдағы сыбыстар шындыққа жанаса ма?
- Қаржы полициясының тергеу барысында анықталды делінетін кейбір жайттар туралы ақпараттары жұртшылыққа жария етілсе де, тергеушілердің күдіктіден жауап алу тәсілдері жайында еш дерек жоқ. Сондықтан оған қоқан-лоққы көрсетілуде, күш қолданылуда деген сыңайдағы сыбыстарды негіздей алмаймыз.
Бір білерім Арынның ұлттық мұрат жолындағы атқарған ісі отаршыл, патшалық-кеңестік дәуірді көксеуші керітартпа топтарға ұнаған жоқ. Дәл қазір олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Олар өзге ұлт өкілдеріне Арынды құбыжық қылып көрсету мақсатында тәуелсіз басылымдар арқылы оны «ұлтшыл» деп айыптады, сосын жергілікті қазақтарға да жеккөрінішті қылуды көздеп «келімсек» («варяг») деген ат байлап, айдар тақты.
Жасырары жоқ әлгі астыртын топтар мен әкімнің арасында үлкен күрес жүрді. Көпшілік мұны біле бермейді. Облыс әкімі қызметіне тағайындалған кейін Ерлан Мұхтарұлы Павлодар атауын ауыстыру мәселесін өзі көтермейтінін айтып, әлгі керітартпа топтың көңілін аулауға мәжбүр болды.
Сонда да абыройына нұқсан келген жоқ. Мұны байқаған дұшпандары енді басқа тәсілмен абыройын төгуді ойластырды: оған казактардың «Құрметті атаман» атағы ұсынылды.
Егер бас тартса, «Елбасының өзі «Құрметті атаман» атағын қабылдаған еді, ал бұл бір облыстың әкімі бола тұра өтінішімізді аяқасты етті. Мұндай ұлтшыл шенеунік көп ұлтты аймақты басқаруға тиісті емес!» – деген сыңайда Ақ ордаға арыз жазып, оны қызметінен кетіруші еді...
- «Атамандық» атаққа қатысты ұлтжанды азаматтардың арасында «Арынның мұнысы несі?» деген өкпе-реніштің болғаны өтірік емес...
- Айтып отырмын ғой, ол әлгі пасық пиғылды топтардың өзіне осы атақты ұсынарын күні бұрын білді. «Атамандық» белгілерді қабылдау рәсімін жасады, бірақ атаман қызметін атқарған жоқ.
Керісінше, облыста отарсыздандыру саясатын жүргізді. Бірінші кезекте Ленин ескерткішін құртты, кеңестік Т-34 танкін орталықтан алдыртып тастады, саяси қуғын-сүргін құрбандары мен ашаршылық құрбандарына, Иманжүсіп, Қалижан Бекқожин тәрізді көрнекті тұлғаларға монументтер, ескерткіштер орнатты, әулиелердің басына кесенелер салғызып, қазақ балабақшаларын ашқызды, Мәшһүр Жүсіптің және жергілікті шығармашыл зиялылардың жинақтарын шығартқызып, мерейтойларын дүркіретіп өткізді, біршама елдімекендердің атауын қазақшалады.
Мұны көріп Е. Арынға бұрынғыдан бетер жауыққан қарсыластары 2012-2013 жылғы аса жайсыз қыста кейбір шаруа қожалықтарында орын алған мал шығынын алға тартып, «облыс аумағын түгелдей жұт жайлады» деген пікір қалыптастыруға тырысты.
Сондай-ақ «қаланың орталық алаңына орнатылған шыршаны сатып алуға жұмсалған қаржы мөлшері нақты құнынан әлденеше есе көп» деген ақпарат таратты. Іле «әкімнің кеңесшісі парамен қолға түсті» деген хабар берілді.
- Білуімізше, Арынның басына бұлт үйірілген шақ осы шыршаның жырынан басталды ғой?
- Мен сізге мынадай қызық айтайын. «Шырша шығыны» жөнінде дабыл қаққан 1990 жылдары атушылы «Славия» ұйымының белді мүшесі ретінде танылған Юрий Павленко деген ескі танысымыз екен...
Бірақ кейін шырша төлемақысына байланысты қандай да бір қаржы бұзушылық жоқ екені анықталды, ал «кеңесшінің ісі» жұртшылық назарынан тыс қалды, тіпті ұмытылуға айналды...
Сонда да Е. Арынның басы даудан арылған жоқ. Облыстың экс-әкімі үстіміздегі жылдың 4 наурызында қаланы абаттандыруға бөлінген қаржыны жымқырды және ірі көлемде пара алды деген күдікпен тұтқындалып, қоғамға аса қауіпті қандықол қарақшы секілді көпшіліктен оқшауланып қамалды.
Ең сорақысы, соттың үкімі шықпай жатып орыстілді басылымдарда Ерлан Арынға «парақор», «жемқор» деген жала жауып, жеке басын қорлайтын, ар-ожданына тиетін жарияланымдар мен әжуа суреттер басылуда.
Жаға ұстатарлық тағы бір жайт, ол кісінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша қаржы полициясының тергеу амалдарының құпиясы болып табылатын мәліметтер орыстілді басылымдар арқылы ақпараттық кеңістікке таратылып жатыр!
Заң шеңберіне де, мораль аясына да сыймайтын осындай іс-әрекеттерді байыптағанда, Алаш қайраткерлерінің жолын қуған көрнекті тұлғаны бұқараға қылмыскер әрі құбыжық кейпінде көрсету істері мақсатты түрде жүзеге асырылуда деген ой туындайды.
Бұдан келіп осының барлығы Ерлан Арынды қызметінен шығарумен қатар, бас бостандығынан айыру жазасына кесу жөнінде берілген саяси тапсырыс жүзеге асырылуда деген пайымдауға негіз болатындай.
- Сонда, сіздіңше саяси тапсырыс берген кімдер?
- Иә, біреулер бұларды бір кездегі денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің тағдырын сындырған кландар десе, екіншілері қорғаныс вице-министрі Қажымұрат Маерманов пен «Қазатомөндірісі» компаниясының президенті Мұхтар Жәкішевті темір тордың ар жағынан шығарған ресейлік саяси күштер деп болжайды.
Жұртшылықтың пікірінше, қазіргі демократиялық қазақстандық қоғамда қолайсыз азаматтарға кеңестік кезеңдегідей саяси айып тақпай-ақ, «әншейін» экономикалық қылмыстары бойынша бас бостандығынан айыру «дәстүрге» айналған. Қалай болса да, Ерлан Мұхтарұлының жаулары осал емес!
Қазіргі кезде облыстағы саяси жағдай күрделеніп, ұлттық текетірес ширығып тұр! Керітартпа топтар 1990, 2000, 2010 жылдары Павлодар қаласының негізі әскери бекініс ретінде салынғанына 270, 280, 290 жыл толуын салтанатпен атап өту жөнінде мәселе көтергенде өңірімізде дәл осындай саяси ахуал орнаған еді.
Шынын айтқанда, қазіргі жағдай бізге сол кездегіден гөрі қиынға соғайын деп тұр. Егер ұлтшыл, мемлекетшіл саяси қайраткер Ерлан Арын темір тордың ар жағына жіберілсе, біздің ұлттық ар-намысымыз тапталады, өзге өлкелерден гөрі отаршылдық зардабын көбірек тартқан өңір халқының сағы сынады, егемен елдікке деген сенімін жоғалтады.
Керісінше, кешегі кеңестік дәуірді көксеуші топтардың империялық рухы көтеріліп, Қырымдағы қандастары секілді сепаристік ойға беріледі.
Біз, зиялы қауым өкілдері осындай жағдайларды алдын ала ойлағандықтан Ерлан Арынның тағдырына араша сұрап Елбасының атына Ашық хат жолдадық, Қалижан Бекқожиннің ескерткіші жанына жиылып бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оған түрлі ат байлап, атақ жапсырылуын тоқтатылуын талап еттік. Біздің қолымыздан келгені әзірше осы ғана.
Әйтседе біздің мемлекеттілігіміздің келешек тағдырына қатысы бар осындай жағдайлар тек Кереку өңірінің байырғы халқын ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың көңілін алаңдатса керек.
Енді біздің үнімізді атақ-абыройлары Алатаудай академиктеріміз бен қоғам қайраткерлері, көрнекті жазушылар Елбасымызға жеткізеді деген сенімдеміз! Ал ұлт көшбасшысы ел-жұртының өтініш-тілегін ескере отырып, әділ шешім шығаратынына күманымыз жоқ.
Сұхбаттасқан, Думан Бықай
Дерек:
Арман Қани– 1954 жылы, 22 ақпанда Павлодар қаласында туған. Ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесi, журналист, Халықаралық «Қазақ тiлi» қоғамы Павлодар облыстық ұйымы «Ертiс дидары» газетiнiң редакторы.
Просмотров материала: 3 350