«Зорлық белгілері жоқ»: Астанада тастанды ғимараттан денесі табылған оқушының ата-анасы әділдік іздейді
Астанада 14 жастағы оқушы қыздың жұмбақ өлімі жергілікті тұрғындардың жағасын ұстатты. Қыздың денесі бұрын балабақша болып, кейін қараусыз қалған ғимараттан табылды. Полиция марқұмның денесінен зорлық белгілері табылмағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТКарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тастанды ғимарат астаналық тұрғындарды үрейде ұстап келе жатқанына біршама уақыт болған. Алғашында балабақша болған, кейін нысанды сектанттар пана еткен. Біраз уақыт тастанды болған нысанды кейін маргиналдар жайлаған. Содан бері ғимарат қаңырап тұр.
Жергілікті тұрғындар қараусыз қалған ғимараттан 14 жастағы Аурелияның денесі табылмай тұрып, тағы бір ер адамның мәйіті анықталғанын айтады.
Оқушы ол жерге қалай және не үшін барғаны, сондай-ақ қандай жағдайда көз жұмғаны белгісіз. Марқұм атасының үйіне қонаққа барған. Серуенге шыққан жасөспірім үйге сол күйі оралған жоқ. Жақындары суық хабарлы бір неше сағаттан соң естіген.
“Мен оған сағат 18:25-тен бастап хабарласа бастадым. Байланысқа шықпады. Сағат 10-ға дейін әр бес минут сайын қоңырау шалдым. Сыртқа шығып әр-берлі жүрдім, өйткен жүрегім тыншымады. Енді өлгенше жаным тыныш таппайды”, – дейді қыздың атасы Геннадий Эпов.
Полиция қызыдң ата-анасына марқұмның жүрегі тоқтап қалған деп айтқан. Сөздеріне сенсек, сарапшылар оқушының денесінен зорлық белгілерін таппаған. Ал Аурелияның ата-анасы полицияға сенбейді. Олардың айтуынша, қыз осы уақытқа дейін денсаулығына шағымданбаған және жаман әдеттері жоқ еді.
“Біз Байқоңыр аудандық ішкі істер бөлімінде болдық. Олардың айтуынша, қызымыздың жүрегі тоқтап қалған. Мен бұған сенбеймін. Бәрі әдеттегідей: істі тоқтарып, мұрағатқа жіберемек”, – дейді қызынан айырылған әке.
Осымен екі адамның мәйіті табылған соң тастанды ғимарат жергілікті тұрғындарды алаңдата бастады. Қорқынышты нысанның жанынан мектепке барып келетін балалары әрлі-берлі өтеді.
“БАҚ-та қыздың тастанды ғимараттан табылғанын айтады. Ал нысанның бұрын-соңды бірнеше рет өртенгенін, онда үйсіз адамдардың паналайтынын ешкім айтпайды”, – дейді тұрғындар.
Астана қаласы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Дамир Абдуалиевтің айтуынша, қазір жұмысты бастап кеткен. Айтуынша, ғимаратқа енді күзет қойылып, қоршалады.
“Бұған дейін нысан жеке меншікте болған. Мен оқиғаны толық білмеймін. Енді ғимаратты техникалық тексеруден өткіземіз, одан кейін жобалау жұмыстарын жүргіземіз. Қазіргі уақытта қоршаулар тез арада орнатылып, күзет орнатылады”, – дейді ол.
Айта кетейік, Астанадағы №5 мектеп-гимназиясының жанынан 14 жастағы қыздың мәйіті табылғаны туралы жазған едік.