Госорганы

Зайытов Мәжілісте қазақстандықтарға өлең жолын арнап, үндеу тастады (ВИДЕО)

Бүгін Мәжілісте президенттің саяси реформалары қаралған отырыста депутат Ринат Зайытов халыққа арнаған өлең жолдарын оқып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат Мәжілістегі сөзін елдің отыз жылда жеткен жетістіктеріне емес, кемшіліктеріне арнады. Сондай-ақ ол «шалғай ауылдағы баланың тісі ауырса, оған Астанадағы министрдің жүрегі ауыруы керек» деген ойын айтты.

«Өкінішке қарай, қазіргі қазақ қоғамы өте үлкен жылдамдықпен рухани дағдарысқа ұшырап барады. Күн сайын еліміздің әр түпкірінде бір отбасы бұзылып, бір оқушы зәбір көріп, бір адам кісі қолынан қаза тауып, біреу пара алып, біреу өзіне қол жұмсап, біреу алаяққа жем болып жатады. Мұндай мысалдар таусылмайды. Бүгінгі қазақ қоғамы туғанға тасбауыр, жақынға жау, досына дұшпан болып кетті. Қоғамның қатыгез бола бастауына не себеп болды десеңіздер, бірден жауап беру қиын. Өйткені оның себебі біреу емес. Тұрмыстағы таршылық, тәрбиенің жоқтығы, жеткіншектерге үлгі болатын тұлғалардың құбыжыққа айналуы, материалды байлықтың бірінші орынға шығуы, әлеуметтік желідегі белгілі тұлғалардан бастап әртүрлі дін мен ұлт өкілдерінің өзара ашық соғысы, осының бәрі адамның рухани тозып, қатыгез болуына әкеліп соғып жатыр», — деген Зайытов қазақстандықтарға өлең жолдарын арнады.

«Болсақ дағы қанша жерден ірі біз
Бәріміз де жаратқанның құлымыз.
Мемлекеттің шын ойласақ ертеңін
Таптамайық бірімізді біріміз
Даттамайық бірімізді біріміз

Қанша батпан болса дағы мұңымыз
Бәрі өтпелі екендігін біліңіз
Жалтыраған бұйымы үшін жалғанның
Таламайық бірімізді біріміз
Сабамайық бірімізді біріміз
Қанамайық бірімізді біріміз

Бәрі ортақ: жер мен аспан, күніміз.
Ауылымыз, дәстүріміз, тіліміз.
Келешегі болу үшін солардың
Атпайықшы бірімізді біріміз
Сатпайықшы бірімізді біріміз.
Сақтайықшы бірімізді біріміз!», — дейді Зайытов.

Другие новости

Back to top button