Қазақстандық саяхатшыларға Әзірбайжан гиді бір күн тегін қызмет көрсетпек

Әзірбайжан гидтер қауымдастығының вице-президенті қазақстандық саяхатшыларды тарихи, көне және замануи үлгідегі ғимараттарға бай , ұлттық дәстүрі мен өнер, музыка, сәулет өнерінің ғажайып туындыларымен әйгілі Каспий теңізі жағасындағы Бакуді тамашалауға шақырады.
Бұл жайында көрші мемлекетке саяхаттауға барған отандық БАҚ өкілдері мен блогерлерге Әзірбайжан гидтері қауымдастығының вице-президенті Руфат Әлиев хабарлады. Руфат Алиев былтыр 25 желтоқсанда Бакуден Грозный қаласына бағыт алған Әзірбайжан ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшыраған кезде жанқиярлықпен ерлік көрсетіп, жолаушыларға медициналық көмегін аямаған Қазақстан халқына алғыс білдіріп, өз ұлтының, елінің тарихы, мәдениеті, ғасырлар бойы бабаларының ізі қалған Бакуде бірге саяхаттауға дайын.
Руфат өз ісінің кәсіби маманы, Әзірбайжанда қызметі үшін сағатына қомақты ақы алатын, өте талантты, «сегіз қырлы, бір сырлы» гид қазақстандықтарды күні бойы «Ичери шехерді» армансыз ақысыз аралатуға әзір. Бұл мекенде Бакудің ең көне ғимараттары шоғырланған. Ширваншахтар сарайы, Қыз мұнарасы, Мұхаммед мешіті, Гаджи Гаиб моншасын көруге болады. Бұған қоса, әлемдегі ең кішкентай кітаптар мұражайы бар. Гиннес рекордтары кітабына енген. Иесі Зарифа Салахова кітапханасын мұражайға айналдыру туралы Әзірбайжанның бұрынғы президенті Гейдар Алиевке өтініш жазып, ғимарат сұрайды.
Қазір мұнда 98 мемлекетте жарық көрген 9 890 кітап бар . Ең кішкентайы Перуде жарық көрген Інжіл . Оның салмағы қаңбақтай. Өзі моншақтай. 93 жастағы мұражай иесі қазақстандық журналистер мен блогерлерге сұхбат беріп, кішкентай кітаптардың тарихымен бөлісті.
— Алдын-ала міндетті түрде менің инстаграм парақшама жазып, @gid_aliyev хабарласыңыз. Мен инстаграмда өте белсендімін. Біз бірге саяхатты жоспарлаймыз. 30-40 адам болсын , мейлі, ең бастысы Қазақстан азаматы болу керек. Бауырлас елім, келіңіздер,-деп ағынан жарылды Руфат Алиев.

«Discover Almaty» компаниясының директоры Александр Ақназаровтың айтуынша соңғы жылдары Әзірбайжан астанасы шетел инвестициясы үшін тартымды нарыққа айналған. Баспана, ғимарат , жер үйлерді сатып алған Ресей, Грузия, Түркия, Германия, АҚШ, Беларуссия, Иран, Украина азаматтары арасында Қазақстан тұрғындары да бар.
— Әзірбайжан заңы қазақстандықтарға жылжымайтын мүлік сатып алуға рұқсат береді. Пәтерді кедергісіз алуға болады. Жер үйді де сатып алуға шектеу жоқ. Тек оның жер телімін 99 жылға жалға береді және келісім мерзімін ұзарту құқығымен рәсімдейді. Ежелден дос, түркі тілдес халық отандастарымызды достық қарым-қатынастан гөрі бауырлас ел деп ерекше құрметтейді. Сондықтан жазғы демалыста Бакуге келіңіз, естен кетпестей демалып, әр күніңізді шексіз әсерге бөлейтін демалыс ұйымдастырамыз , -деп Акназаров саяхатшыларды табиғаты ғажап, мұнайы шипалы, тарихи нысандарға бай Әзірбайжанға демалуға шақырды.
Бакуден ат шаптырым жердегі Каспий жағасы келешекте әлемге әйгілі туристік аймақ, қаржы орталығына айналуы мүмкін. Тал, дарақ , шөп өспейтін жағалау қазіргі таңда жасыл желекке оранған «See Breeze» қаласы бой көтерді.
Көз ілеспес жылдамдықпен дамыған шаһарда құрылыс қарқыны тоқтаусыз жүріп жатыр. Болашақта жүз мыңнан аса тұрғын мекендейді деген болжам бар. Зәулім тұрғын үйлер, таунхаустар, аппартаменттер , қонақ үйлер, демалыс орындары әлемнің әйгілі дизаинерлік жетістіктерін пайдаланған сәулет өнерінің туындыларына сұраныс артқан. Келешекте мектеп, емхана, әлемнің озық үлгідегі клиникалары , сауда орталықтары ашылмақ.
Айтпақшы, ғаламат жоба аясында Әзірбайжанның ең биік ғимараты да Каспий жағасында бой көтереді. Биіктігі 320 метр. Жоба авторлары ойынханалар ашуды жоспарлап отыр. Бірақ жергілікті тұрғындарға казиноға кіруге тыйым салынады.
Әзірбайжанда медициналық туризм ежелден дамыған. Демалушылар Нафталан қаласындағы шипажайларға жыл бойы үздіксіз келеді. Әлемде мұнайды медициналық салада пайдаланатын жалғыз мекенде шипажалайлар шоғырланған.
Нафталан қаласы Бакуден 320 шақырым жерде орналасқан. 70-тен астам ауруға шипа. Нафталан мұнайы балалар мен ересектерді атопиялық дерматит, нейродермит, күйген теріні қалпына келтіруге, псориаз дертін емдейді. Артрит, Бехтерев ауруы, буын мен омыртқа аурулары, қан тамырлары аурулары және орталық жүйке жүйесі, гинекологиялық, урологиялық кеселдерге шипа.
Өткен ғасырда нафталан мұнайын емдік қасиетімен бірге косметикалық пайдасы анықталған. 1900 жылы Париждің косметикалық салондарында бетке арналған крем ретінде пайдаланыпты.
1890 жыл Германияның инженер , химигі Э. Егер мұнай атқылаған жерді сатып алып, тереңдігі 250 м жер қазып, бұрғылау ұңғымаларын орнатады. Ол жер қойнауындағы өндірістік мұнайдан күреп ақша табуды көздеген инженер шикізатты өңдеу кезінде құрамында бензин фракцияларының жоқ екеніне көз жеткізеді. Соның салдарынан майлы қоймалжың сұйықтық жанбайды.
Қыруар қаржысы желге ұшқан кәсіпкер жергілікті тұрғындардың бұл затты не үшін пайдаланатынын зерттеп, тіпті науқасты емдеу процесін жіті бақылайды. 600 химиктің зерттеуінен кейін кәсіпкер шипалы қара алтыннан нафталан мазын жасайтын шағын фабрика ашады. Осылайша әзірбайжанның шипалы мұнайынан жасалған майлар 19-20 ғасырларда Еуропаны шарлайды. Бірінші, екінші дүниежүзілік соғыста жарақат алған жауынгерлерді емдеген дейді «Чинар» шипажайының бас дәрігері Хуршуд Намазәлиева.
Кеңес одағы тұсында нафталан майымен буын, тері ауруларын емдейтін әйгілі шипажайлар ашылды. Әлемнің түкпір-түкпірінен дертіне ем іздеп Нафталанға келушілер көп.
«Чинар» шипажайының бас дәрігері Хуршуд Намазәлиеваның айтуынша балдақпен келген науқастар өз аяғымен үйіне қайтады. Мұнда балдақтар мұражайы бар. Нафталан майын онкологиялық , кез-келген жұқпалы аурулармен ауырғанда , ісік ,денедегі мең, қал болса нафталанды тұтынуға болмайды. Өйткені сұйықтықтың ісікті өсіретін қасиетке ие. Жалпы мамандар шипажайға келетін емделушілерге алдын-ала дәрігерлерден кеңес алу қажеттігін ескертеді.
Әйгілі түрлі шөптер қосылған хош иісті әзірбайжан шәйін ішіп, алуан түрлі көкініс пен жеміс, жаңғақтар қосылған ұлттық тағам, дәмі тіл үйіретін шырын ішіп, бойға қуат жинайтын демалысты жоспарласаңыз , жазғы демалыста Бакуге сапар шегіңіз!
Жазира Бегалы, Алматы