Главное

«Аяқ-қолымды скотчтап, ұрып-соғып, қол қоюға мәжбүрледі»: Шымкентте әйелді он күн бойы оңалту орталығында күштеп ұстаған (видео)

Түркістан облысында жалғызбасты ана Шымкенттегі психологиялық көмек көрсету орталығында он күн бойы еркінен тыс ұсталғанын айтып, президенттен көмек сұрады. Айтуынша, белгісіз адамдар оны балалардың көзінше үйінен күштеп алып кетіп, «Komek Center» оңалту орталығына жеткізіп, дәрілер беріп, байлап тастаған. Полицияға арыз жазғанмен, іс әлі қозғалмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Орталық өздерін реаблитациялық орталық ретінде таныстырып, мені ешқандай медициналық және құқықтық негізсіз ұстап отырды. Мені есірткіге немесе басқа да психотроптық заттарға еш қатысым жоқ, ешқандай психоневролиялық ұйымда тіркелмегенмін. Бұған қарамастан мені күшпен ұстап, ұрып-соғып, қол қоюға мәжбүрледі. Қол қоймағаным үшін дәрі-дәрмек ішкізіп, есімді білмей қалу деңгейіне дейін жеткізді. Бірнеше рет аяқ-қолымды скотчпен байлап, менің жаным қиналғаннан өз өзіме қол жұмсап, қолымды бірнеше рет кестім. Жедел жердем шақырту мақсатымен үйге хабар жеткізгім келді. Алайда ешқандай медициналық көмек көрсетілмей, қайтадан аяқ-қолымды скотчтап тастады», – деді Фаузия Ахметова.

Жәбірленуші Фаузия Ахметованың айтуынша, оны орталықта он күн бойы заңсыз ұстаған. Тек 5 мамыр күні туыстарымен байланысқа шығып, олардың көмегімен босатылған. Оның айтуынша, орталықта кәмелетке толмаған қыз балалар да заңсыз түрде қорқыту мен қысым арқылы ұсталып отырған.

«Шымкент полициясына арыз жазсамда 20 күннен бері әлі жауап берілмей келе жатыр. Ешқандай тергеу жұмыстары басталмай отыр. Заңсыз оңалту орталығы әлі де жұмысын тоқтатпай отыр. Бұл жағдай құқық қорғау органдарымен аталған орталықтың арасында сыбайластық бар деген күдік туғызып отыр. Осы оқиға бойынша менің заңсыз ұсталғаныммен зорлық-зомбылыққа ұшырағанымды «Komek Center» деген орталықтың медициналық лицензиясыз жұмыс істеп отырғаны, онда кәмелетке толмаған балаларды заңсыз ұсталғаны туралы арызымды полиция жауапсыз қалдырғанын, өзімнің балаларымның қауіпсіздігі үшін алаңдайтынымды ескере отырып, сізден осы істі жеке бақылауыңызға алуыңызға алып, әділетті тергелуін және кінәлі тұлғалардың заң алдында жауапқа тартылуын сұраймын», – деп әйел мемлекет басшысына өтініш білдіріп, көмек сұрады.

Осы мәселеге қатысты Шымкент қалалық полиция департаментіне хабарласып, неліктен іс қозғалмай жатқанын сұрадық.

«Азаматшаның арызы бойынша полициямен қылмыстық іс тергеліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы мен құқыққа қайшы әрекеттерге қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларының кешені жүргізіледі. Тергеу аясында орталықтың қызметі тексеріліп, құжаттама, жазбалар, сондай-ақ екі тараптың уәждері зерделенеді. Тергеу жұмыстары заң шеңберінде жүргізіліп, ұсынылған барлық жайттардың объективті және толыққанды қаралуы қамтамасыз етілетінін хабарлаймыз», – деп жауап берді полиция департаменті.

Другие новости

Back to top button