Улытауская область

Ұлытау ұлттық паркінің Үйлестіру кеңесі құрылды

Жақында құрылған «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Үйлестіру кеңесі құрылды. Оның төрағасы болып парк басшысы Айдын Серкебаев тағайындалды.

Үйлестіру кеңесінің мақсаты – ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туризмді дамыту мәселелері бойынша шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ табиғатты қорғаумен айналысатын мекемелерді басқарудың тиімділігін арттыру.

«Ұлытау» МҰТП Үйлестіру кеңесі ұлттық парктің қызметін жетілдіру бойынша өз ұсыныстары мен ұсынымдарын енгізеді, және халық, парк қызметкерлері мен мемлекеттік органдар арасындағы байланыстырушы буын болады.

Кеңеске белсенділер мен қоғам қайраткерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен кәсіпкерлер кірді.

Үйлестіру кеңесінің алғаш отырысында екі мәселе қарастырылды. Бірінші мәселеде Үйлестіру кеңесінің ережесі бекітуге ұсынылды. Ереже қарастырылып, кеңес мүшелерінің бірлескен дауыс беру нәтижесінде ереже бекітілді. Екінші мәселе бойынша Айдын Серкебаев «Ұлытау» МҰТП бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстары туралы есеп берді.

«Үйлестіру кеңесі — ұлттық парктің аумағында жүргізіліп жатқан жұмыстарды қадағалайтын консультативтік-кеңесші орган. Бұл бізге барлық процестің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінде Ұлытауда «QazaqGeography» РҚБ күшімен ғылыми-зерттеу жұмыстары, эко-туризмді дамыту үшін базалық жобалар, мысалы, туристік соқпақтар әзірлеу, туризм стратегиясы, соқпақтарға түсетін рекреациялық жүктемелер нормаларын анықтау және т.б. жұмыстар жүргізілуде», — деді Ұлттық парктің директоры Айдын Серкебаев.

«Ұлытау» ұлттық паркін дамыту жөніндегі жобаның мақсаты – Ұлытау тау алабының табиғи және тарихи-мәдени объектілерін сақтауға жәрдемдесу. Оны жүзеге асырумен Қазақстан үкіметінің гранты және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы аясында «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі айналысады.

«Біздің міндетіміз – Ұлытау аумағында тұрақты, экологиялық туризмді дамыту. Біз табиғатты, оның биоалуантүрлілігін сақтауға мүдделіміз және біздің мақсатымыз зиян келтірмей, табиғи байлығымызды көбейтіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Сондықтан біз өз жобаларымызда міндетті түрде ғылыми тәсілді қолданамыз. Сонымен қатар туризмнің дамуы жергілікті тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына тікелей әсер етуге тиіс екеніне сенімдіміз, сондықтан олар өз табысын арттыру үшін халықты бизнес-ағарту бойынша жұмыс істейміз», — деп атап өтті «QazaqGeography» РҚБ басқарма төрағасының орынбасары Артур Әбубәкіров.

Айта кетері, «Ұлытау» МҰТП ауданы 58,9 мың гектар, үкіметтің 2021 жылғы 7 желтоқсандағы №867 қаулысымен Ұлытау орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығы негізінде құрылған.

«Ұлытау» ұлттық паркін құру өңірдің экожүйелерін қалпына келтіруді және сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған. Осының барлығы Ұлытау тау-дала массивінің бірегей табиғи кешендерін сақтауға, туристік әлеуеттің өсуін арттыруға қызмет етеді.

 

Другие новости

Back to top button