Ұлытау облысында қуаңшылық болуы ықтимал
Биыл Ұлытау облысында қуаңшылық болуы ықтимал. Өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингісінде осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жалпы өңірде шөп дайындаушыларға 500 млн теңге арнайы субсидия бөлініп отыр. Былтыр оның көлемі 250 млн теңге болатын. Биыл өңірде қуаңшылық болуы мүмкін деген болжамдар бар. Осыған байланысты шілдеден бастап фермерлерге 500 млн теңге жемшөп субсидиясы беріледі», — деді әкім.
Айтуынша, өңірдегі егіс алқаптарының жалпы көлемі 31 мың гектар ғана. Оған 62 техника жұмылдырылған. Биыл бірінші рет көктемгі егіс жұмыстарына 50 млн теңгеден астам несие берілген.
«Ауыл аманаты» жобасы да биыл облыста қолға алынды. 2,5 пайыздық шағын несиелер негізінде 273 млн теңгенің жобасы іске асып жатыр. Сонымен қатар Үкіметтің қолдауымен қосымша 1,8 млрд теңгенің жобасы әзірленді. Оларды Ауыл шаруашылығы министрлігінің мақұлдауымен «Бәйтерек» холдингі қаржыландырады деп көзделген.
«Ауыл аманатын» кеңейтуге жалпы сомасы 3,2 млрд теңге бөлінеді», — деді Берік Әбдіғалиұлы.