Ұлытау облысында жол апатынан бес адам қаза тапты
Ұлытау облысындағы тас жолда жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Апат 26 мамыр, жексенбі күні сағат 14:15 шамасында Жезқазған – Петропавл республикалық маңызы бар автожолда, Сәтбаев қаласынан Жезді кентіне дейінгі учаскеде болды.
Сәтбаев қаласы жағынан Ұлытау ауданына қарай бет алған 2002 жылы туған жүргізушінің басқаруындағы Mercedes-Benz 190 маркалы автокөлігі қарсы жолаққа шығып, 1978 жылы туған жүргізушінің басқаруындағы Chevrolet Nexia маркалы машинамен бетпе-бет соқтығысты.
Оқиға орнында Chevrolet Nexia көлігінің жүргізушісі және оның 1978, 1981 және 1971 жылы туған үш әйел жолаушысы, сондай-ақ 2002 жылы туған Mercedes-Benz 190 жолаушысы қаза тапты.
Mercedes-Benz 190 жүргізушісі және оның 2002 жылы туған әйел жолаушысы Жезқазған қаласының орталық ауруханасына жеткізілді. Олар Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар басқармасының кіші сержанттары.
Chevrolet Nexia жолаушылары 1999 жылы туған әйел және 2023 жылы туған қыз түрлі жарақатпен Жезқазған қаласының орталық ауруханасына жеткізілді.
Бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.