Социум

Ұлттық құрылтайға әр азамат ұсынысын жолдай алады – саясаттанушы

Ұлттық құрылтайға ұсыныс-пікірлерін жолдаймын деген ел азаматтары үшін арнайы қосымша жүйелі жұмыс істеп тұр. Бұл – халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының практикалық тұрғыда орындалуының бір көрінісі.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы, саясаттанушы Бауыржан Серікбаев ел тарихындағы маңызды шара Атырау қаласында өтіп жатқан құрылтайға, сондай-ақ, бұған дейін Ұлытау мен Түркістанда өткізілген алғашқы және екінші Ұлттық құрылтайдың нәтижелеріне тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сарапшының сөзінше, Атырау қаласында өтіп жатқан құрылтайда еліміздің экономикалық, әлеуметтік дамуына қатысты халқымызды толғандырған маңызды тақырыптар көтеріледі деген сенім бар.

«Ғылымды дамыту бойынша да жаңа ұсыныстар мен шешімдер қабылданады деген үміт басым. Бастысы, Ұлттық құрылтайға ұсыныс-пікірлерін жолдаймын деген ел азаматтары үшін де арнайы қосымша жүйелі жұмыс істеп тұр.  Азаматтар сол қосымшамен өтініш-тілектерін жібере алады. eGov порталы арқылы Quryltai мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Бұл да құрылтайға барша халқымыздың қатысуын қамтамасыз еткен қажетті дүние. Көріп отырғанымыздай, Ұлттық құрылтай халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының практикалық тұрғыда орындалуының бір көрінісі деуге болады. Еліміздегі мәселелерді кеңесіп, ортақ диалогпен, ақыл-парасатпен оң шешімін таба алатындығымыздың дәлелі. Құрылтай – бабаларымыз салған жолмен, тарихымызбен ұлттық болмысымызға сіңген өркениетті саяси мәдениетіміздің бір көрінісі», — деді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Бауыржан Серікбаев.

2022 жылғы желтоқсаннан бастап eGov базасында «Quryltai» қосымшасы іске қосылған. Онда еліміздің кез келген жерінен келген әрбір азамат өз пікірін білдіре алады немесе елді одан әрі дамыту жөнінде ұсыныс қалдыра алады. Ата-баба жолымен, қазақтың дәстүрімен дала демократиясының бір көрінісі іспеттес Ұлттық құрылтай өткізу дәстүрге айналып келеді.

Ұлытауда өткен құрылтайда өңірлерді дамыту, әкімшілік басқару саласын жетілдіру бойынша маңызды тақырыптар көтерілді. Басқосуда көтерілген маңызды бастаманың бірі — Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару ұсынысы. Президент бастамасымен бекітілген бұл атаулы күнді мұқым ел болып тойлап жүрміз. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының шешімімен Ұлытау, Абай, Жетісу облыстары құрылып Жезқазған, Қонаев, Семей қалалары орталық ретінде бекітілді.

«Бұл өңірлерді дамытуға бағытталған, халқымыздың көкейінде жүрген шешім болды. Қазір осы аймақтарды өркендету бойынша арнайы бағдарламалар қабылданып, орталық қалаларды дамытудың бас жоспары бекітілді. Қызу жұмыс басталып та кетті. Шекаралық аудандарды дамыту мәселесі де осы Ұлттық құрылтайда кеңінен талқыланды. Бұл – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар сұрақтың бірі. Шекаралық аудандардағы инфрақұрылымның дамуы, жайлы мектептердің болуы, аурухана, балабақша сынды әлеуметтік нысандардың салынуы – аймақтағы тұрғылықты халықтың жағдайына тікелей әсер ететін өзекті тақырып», — деді Бауыржан Серікбаев.

Мемлекет басшысының шешімімен Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында төрт жаңа аудан құрылып, жергілікті мемлекеттік басқаруды хақымыздың мүддесіне сай шешуге ықпал етті.

«Ал, Түркістанда өткен құрылтайда халқымыздың әл-ауқатын жақсарту, еліміздің бірлігі мен ынтымағын сақтау, ғылымды көтеру, өнер мен мәдениетімізді дамыту мақсатында құрылтай мүшелерімен тың бастамалар көтерілгенін білеміз. Соның нәтижесінде Жастар саясаты тұжырымдамасының шеңберінде жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5% жеңілдетілген несие беру механизмі енгізілді. Оқушылар мен жастар арасында белең алып бара жатқан электронды темекіні тұтынудың алдын алу жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы қабылданды. Бүгінгі таңда Парламентте электронды темекіні әкелуге, өндіру мен сатуға тыйым салатын заң жобасы қаралуда. Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсынымдары негізінде Талдау және зерттеу ұйымдарын дамыту жөніндегі жол картасы қабылданды. Ясауитану ғылыми орталығының жұмыс тұжырымдамасы, 3 жылға арналған жоспары бекітілді», — деді сарапшы Бауыржан Серікбаев.

Еске салайық, кеше Атырау өңірінде басталған Ұлттық құрылтайдың алғашқы күні қорытындыланды. 14 наурыз күні құрылтай мүшелері 4 топқа бөлініп, «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Ғылым және білім», «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму» секцияларына қатысты. Яғни, қатысушылар азаматтық қоғамды нығайту, ғылым саласындағы реформаларды жетілдіру, халықтың құқықтық сауатын арттыру, креативті индустрияны дамыту және отандық өндірісті ұлғайту жайын сарапқа салды.

Жиынның қорытындысы ретінде талқылау кезінде айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру бойынша арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеу туралы шешім қабылданды.

Ал бүгін, 15 наурыз күні, Ұлттық құрылтайдың негізгі жиыны Мемлекет басшысының қатысуымен өтеді.

Другие новости

Back to top button