Госорганы

«Украинамен келісімшарт тоқтады, Ресей препараттары арзандады»: СҚ-Фармация отандық өндірісті қалай дамытпақ?

Дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана – отандық өнім

Мемлекет басшысы былтырғы қыркүйек айындағы Жолдауында елімізде медицина өнімдерін зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құру керектігін айтып өтті. Бұл ретте жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты жандандырып, инвесторларды тартып, озық технологияны және осы саладағы жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді қолға алу туралы тапсырма берілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Президент өз сөзінде біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана отандық өнім екенін ескеріп, 2025 жылы оны 50 пайызға жеткізу қажеттігіне көңіл бөлді.

Президент тапсырмасын орындау мақсатында бүгінде бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Күні кеше ғана елордада 18-ші Қазақстандық халықаралық көрме – Astana Zdorovie 2022 аясында медициналық техника бойынша «MedTech» ІІ халықаралық форумы өтті.

Форумға әлемдік және отандық медициналық жабдық өндірушілерінің, медициналық ұйымдар мен қауымдастықтардың өкілдері, медициналық жабдықтарды өндіру мәселелері бойынша халықаралық сарапшы-практиктер қатысты.

Форум модераторы – СҚ-Фармация ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев отандық өндірісті жандандыру бір күннің мәселесі еместігін айтты.

«Бұл – жүйелі түрде орындалатын тапсырма. Себебі пандемия кезінде бірқатар қиындықтар болды, нарық тоқтап, логистика жабылды. Тапсырыстардың келуі қиындады. Нарықта дүрбелең орнады. Барлық ел жеткізуді тоқтатты. Сол кезде біз отандық өндірушілерге жүгіндік. Отандық өндірушілер төрт ауысымға шыдап берді, шұғыл түрде кейбір позицияларды игерді. Нәтижесінде біз өз қорларымызды толықтырдық», — дейді ол.

Форум алаңында B2B және G2B форматында 10-нан астам компаниямен кездесулер өтті, олар өз кезегінде, Қазақстанда іске асыратын бірегей технологиялары бар жобаларын ұсынды.

Ал «G2B» және «B2B» форматтарындағы кездесулер өз кезегінде өзара ынтымақтастық перспективаларын талдауға, болашақ серіктестердің мүдделері мен қажеттіліктерін түсінуге, жаңа идеялар мен инвестициялық жобаларды талқылауға мүмкіндік берді.

«Әлем бойынша фармацевтика нарығы өте қарқынды дамып келеді. Әсіресе пандемиядан кейін жұрт денсаулығы туралы көбірек ойлана бастады. Нәтижесінде бұл салаға көп қаражат құйылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы да осыған тікелей байланысты деп ойлаймын.

Оң тәжірибе бар. Біздің нарыққа түрік, поляк компаниялары кірді. Қазір біз швейцариялық компаниямен тығыз жұмыс істеп жатырмыз, онда 10 жоба қарастырылған. Дәрілік локализация бойынша 8 позиция бар, сондай-ақ скринингтік жүйе бойынша жабдықтар тегін жеткізілетін өте қызықты бағдарламалар бар. Бұл дегеніңіз нормативтердің жақсарып келе жатқанын білдіреді. Біз компаниялармен 10 жылдық келісімшарттар жасастық. Олардан қазірден бастап экспортты талап етеміз. Себебі Қазақстан халқының саны аз, ішкі сұраныс толығымен қамтамасыз етілетіндіктен, экспорттың болуы орынды», — деді Ерзат Есқалиев.

Әлемдік фарминдустриямен тікелей байланыста жұмыс істеу өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, отандық мамандардың ғылыми тұрғыдан да дамуына сеп болуы мүмкін.

«Мәселен қымыздан қандай да бір медициналық тұрғыда пайда бар екенін дәлелдейтін ғалым табылып қалар. Елімізде көптеген шөп түрлері де өседі. Бірақ осының бәрін ірі фармкомпаниялармен байланыстырмасақ, ол жай идея күйінде қалып қоюы мүмкін. Бұл орайда Шымкентте, Ақтөбеде және Астанадағы Назарбаев университетінде арнайы жұмыстар жүргізілетін болады. Яғни біріншіден инвесторларды инновациялық мақсатта тартамыз, екіншіден отандық өндірушілер өз өндірістерінің көлемін арттырып, осылайша экспортты қолға алады», — деді СҚ-Фармация ЖШС басқарма төрағасы.

Отандық дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың өндірісін арттыруда тағы бір өзекті мәселе бар. Ол – сапа. Өкінішке қарай, қазақстандықтардың отандық өнімге деген күмәні әлі де сейілмей отыр.

«Made in KZ. Біз отандық өндірушілерді қолдау керекпіз. Бізде «қазақстандық тауар сапасыз» деген стереоптипті пікір бар. Біз мұндай пікірмен өзіміз күресуіміз керек. Бұл ретте де біз бірқатар жұмыстарды атқаратын боламыз. Ал сапа тиісінше халықаралық стандарттарға сай болуы тиіс.

Қазақстан Республикасындағы дәрілік заттардың жанама әсерлерінің мониторингісі «сары карталардың» өңделуіне негізделген. Айта кетерлігі, «Сары карта» — қолдану жөніндегі нұсқаулықта сипатталғаны немесе сипатталмағанына қарамастан, препаратқа қандай да бір жанама әсер туындаған жағдайда, дәрігер толтыратын танымал нысан). Аталған картаны толтыру фактісі өте аз. Өкінішке қарай, препараттың қаншалықты пайдалы екеніне мониторинг жасайтын басқа құрал жоқ. Біз оны зерттеп, ондағы олқылықтарды анықтадық. Біздіңше, онда толтыру керек ұсақ-түйек өте көп. Сондықтан оны жеңілдету керек деп ойлаймыз», — деді Ерхат Есқалиев.

Қазақстандықтарды алаңдататын тағы бір мәселе – баға тұрақтылығы. Пандемия кезінде дәрі-дәрмектің құны бір шарықтап, қайта түскен еді. Ендігі кезекте Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс тағы да логистиканың жұмысын қиындата түсіргені жасырын емес. Келешекте тағы қандай күрделі жағдайға тап болатынымыз белгісіз. Сондықтан да отандық өндірістің қуаттылығын арттыру – бұл ретте басты міндетке айналуы тиіс.

«Отандық өндірісті жандандырудағы тағы бір мақсатымыз – бағаны тұрақтандыру. Неліктен баға күрт өседі дейсіз бе? Мәселен Үндістаннан келу керек тапсырыс келмей қалған кезде баға бірден өседі.

Украиналық компаниялармен барлық келісімшартты үздік. Өйткені олар тапсырысты мүлдем орындай алмауы мүмкін деген қауіп бар. Бұл ретте балаламалы нұсқа ретінде бағытымызды Еуропа елдеріне бұрдық. Әрине логистика тұрғысынан бағаларда өзгеріс бар. Ал Ресейден келетін препараттарға тоқталар болсақ, дәл қазіргі уақытта Қазақстан олар үшін тиімді нарық. Сондықтан да кей препараттар мен медициналық бұйымдардың бағалары керісінше арзандай түсті», — деді Есқалиев.

Ерхат Есқалиев еліміздің фармзауыттарының осал тұсына да тоқталып өтті. Айтуынша, олардың қуаттылығын ғана емес, сондай-ақ өндіретін тауар түрін де ауыстыратын уақыт келді.

«Шынын айту керек, отандық өндіріс ошақтары әзірге арзан дәрілерді өндіріп жатыр. Бұл үлкен табыс әкелмейтіні анық. Сондықтан да осы ретте біз қазақстандық өндірушілер қымбат препараттарды шығаруды қолға алуын қамтамасыз еткіміз келеді. Міне осы ретте алпауыт фармкомпаниялармен қоян-қолтық жұмыс істеу керекпіз. Сол үшін шетелдік компаниялар Қазақстанға қымбат тұратын инновациялық препараттардың өндірісін локолизация жасағанын қалаймыз. Сондай-ақ біз қазақстандықтардың сұранысына ие препараттарды өндіруді қолға алуымыз керек. Бізде көбіне онкология, жүрек қан тамыры, қант диабеті ауруларына қарсы дәрілерге сұраныс басым», — деді Ерхат Есқалиев.

Осылайша қазақстандық тарап медициналық техника өндірісі бойынша әлемдік алпауыттармен ынтымақтастықтағы мүдделері туралы айтып, шетелдік инвесторлармен іс-қимылды жалғастыру туралы уағдаласты.

 

Другие новости

Back to top button