Украина Херсондағы қарсы шабуылда Ресей қорғанысын бұзып өтті
Украина күштері дүйсенбі күні Херсон облысында жаңа қарсы шабуыл кезінде Ресей қорғанысын «жарып өтті» деп мәлімдеді, деп хабарайды Azattyq Ruhy шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап.
29 тамыз күні басталған операция ресейлік әскерлерді Днепр өзенінен кері ығыстырып, басып алынған Херсон қаласын қайтарып алуды көздейді.
Украина президенттігінің мәліметінше, қазір оңтүстік аймақтың барлығында дерлік украиналық пен ресейлік күштер арасында қызу шайқас жүріп жатыр.
Херсон облысында өткен апта басында «қуатты жарылыстар» болды, ал оның аумағы қақтығыстар құрсауында, деп хабарлады Украина президенті Владимир Зеленский.
Украиналық қарулы күштер Херсонның шетінде Ресейдің бірінші қорғаныс шебін бұзып өтіп, армия базасы ретінде пайдаланылатын өнеркәсіп алаңын басып алған болатын.
Ресейдің Харьковтегі бомбалауынан қаза тапқан бейбіт тұрғындар саны артты
Сейсенбі күні Украинаның Харьков қаласын ресейліктер бомбалағаннан кейін кемінде 5 адам қаза тауып, 7-еуі жараланды.
Украинаның екінші үлкен қаласы шабуылдан зардап шекті, деп хабарлады мэр мен облыс губернаторы.
«Ресей оккупанттары Харьковтың орталық аудандарын бомбалады», — деп хабарлады Олег Сынагубов Telegram желісінде.
Оның айтуынша келтірілген зиян көлемі қомақты.
Кеше таңертең облыс билігі тұрғындарды баспана алуға шақырғандықтан, қаза тапқандар мен жараланғандардың саны қайта қаралды. Харьков мэрі Игорь Терехов Telegram желісінде бомбалау кезінде кемінде 5 адам қаза тауып, 7 адам жараланғанын хабарлады.
Украинаның екінші үлкен қаласы саналатын Харьковтың соғысқа дейін 1,4 миллионға жуық тұрғыны болған еді.
Соғыс басталғалы Харьков облысында жүздеген бейбіт тұрғын қаза тапты, олардың көпшілігі Украинаның басқа жерлеріне немесе көрші елдерге қашып кетті.
«Оңтүстік» жедел қолбасшылығы: жағдай қиын, бірақ бақылауда
Украина қарулы күштерінің «Оңтүстік» жедел қолбасшылығы Ресейдің логистикалық бағытын, резерві мен командалық пунктін жоюды жалғастыратынын хабарлады.
«Біздің зымырандық-артиллериялық бөлімше жау әскерінің төрт командалық пункті мен төрт көлік артериясына – Каховка, Даревский және екі Антоновский көпіріне соққы берді», — делінген хабарламада.
Аталған көпірлердің зақымдануы оларды пайдалану мүмкіндігін шектейді.
Сондай-ақ Украина авиациясы бекіністерге, оқ-дәрі қоймаларына және Ресей армиясының қару-жарағы мен техникасы шоғырланған аймақтарға 16 рет соққы бергені туралы хабарлама тарады.
Запорожье атом электр стансасына іргелес жатқан Энерходар қаласы үнемі атқылауда. Бұл жерде Ресей әскерлерінің келуіне байланысты жергілікті халық арасында үрей артып келеді, деп мәлімдеді қала мэрі Дмитрий Орлов.
«Кеше салыстырмалы түрде тыныш болды, бірақ күндіз-түні атқылау тоқтамайды. Қаланың инфрақұрылымы да, тұрғын үйлерді де атқылап жатыр», — деді ол.
Оның сөзінше, қаланы тезірек тастап, Украина Қарулы Күштері бақылауындағы аумаққа баруға тырысып жатқан халық арасында дүрбелең бар.
Оның есептеуінше, бұл қалада соғысқа дейін 53 мың адам тұрған. Қазір энергодар тұрғындарының жартысына жуығы көшіп кеткен. Десе де, Запорожье АЭС жұмысшыларының көпшілігі орнында қалды.
«Олар әлемдік және еуропалық қауымдастық алдындағы жауапкершілігін түсінеді. Өйткені ядролық және радиациялық қауіпсіздік үшін олардың кәсіби дағдыларын басқа ешкім пайдалана алмайды», — деп түсіндірді Орлов.