Госорганы

Үкімет Каспий су тұшыту зауытын кеңейтуге қосымша 5,6 млрд теңге бөлді

Үкімет Каспий су тұшыту зауытын кеңейтуге қосымша 5,6 млрд теңге бөлді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Жақында мен Маңғыстау облысында болдым. Өздеріңіз білетіндей, өңірде тұрғындарды сумен қамтамасыз ету проблемасы бар. Бүгінгі таңда Үкімет Каспий су тұшыту зауытын кеңейтуге 5,6 млрд теңге қосымша қаржы бөлу шешімін қабылдады. Бұл облыстың 3 аудандағы 180 мың адамды ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Премьер-Министр.

Осы ретте Үкімет басшысы өңір әкімі Нұрлан Ноғаевтан зауытты кеңейту жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын сұрады.

Маңғыстау облысы әкімінің айтуынша, мамырдан қыркүйек айының соңына дейін өңірде су жетіспеушілігі байқалады.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес және сіздің қолдауыңызбен біраз жоба жүзеге асырылып жатыр. Жақын арада, 2-3 күнде Мұнайлы ауданында сумен қамтуда келеңсіздің орын алды. Ол технологиялық сорғының істен шығуына байланысты болды. Зауыттың басшылығы және әріптестеріміздің дер кезінде қабылданған шұғыл шараларының нәтижесінде ақау жойылып, қазір Мұнайлы ауданына қажетті деңгейде су беріліп отыр», — деді ол.

Оның атап өтуінше, Каспий су тұшыту зауытында тәулігіне 20 текше метр су дайындайтын қондырғы жұмыс істеп тұр. Оның 40 мың текше метрге арттыру бойынша жоба жүзеге асырылуда.

«Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмысы 80 пайызға жуық аяқталды. Негізгі технологиялық жабдықтарды, құрылғыларды орнату жөніндегі тапсырыс берілді. Бүгінде олар дайындалып жатыр. Тамыз айында сол қондырғылар Маңғыстауға келе бастайды. Содан бастап монтаждау жұмысымен айналысамыз. Қыркүйек айының соңына дейін монтаждау жұмыстарын аяқтап, қазанда іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сіз атап өткен 5,6 млрд теңге бізге қомақты көмек»,- деген Нұрлан Ноғаев маңғыстаулықтардың атынан Үкіметке ризашылығын білдірді.

Другие новости

Back to top button