1 шаршы метр – 500 мың теңге: Қазақстанда баспана бағасы қымбаттап барады

Қазақстанда тұрғын үй бағасы жаңа рекордтарға жетті: бір шаршы метрдің құны жарты миллион теңгеден асты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы inbusiness-ке сілтеме жасап.
Қазақстанда жылжымайтын мүлік нарығы құны шарықтап барады. Ұлттық статистика бюросының жаңа деректері бойынша, ел аумағында тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы 518 мың теңгеге жетіп, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті. Бағаның ең үлкен өсімі Астана мен Алматыда тіркелді: соңғы айда бұл қалаларда тұрғын үй құны тиісінше 2,5% және 3,4%-ға артқан.
Бағаның үздіксіз өскеніне қарамастан, нарықтағы сұраныс әлі де жоғары. Жылжымайтын мүлік агенттігінің атқарушы директоры Диас Батырхановтың айтуынша, елордада ай сайын 6-7 мыңдай сатып алу-сату келісімі жасалады, бұл 2024 жылғы көрсеткіштермен шамалас. Оның сөзінше, әсіресе жайлы (комфорт) санаттағы тұрғын үйлерге қызығатындар көп, құрылыс компанияларының назары дәл осы сегментке ауып отыр.
Сарапшылар баға өсуінің бірнеше себебін атап көрсетеді. Біріншіден, ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы әлсіреуі. Екіншіден, халықтың қосылған құн салығының (ҚҚС) көтерілуі мүмкіндігіне қатысты алаңдаушылығы. Үшіншіден, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жеткіліктілік шегін қайта қарау жөніндегі талқылаулар. Өткен жылдың соңындағы осы факторлар бағаның 8%-дан астам күрт көтерілуіне түрткі болған.
Осы жағдайға байланысты мемлекет тұрғын үйді бөлу тәртібін реформалауға кірісті. 24 мамырдан бастап пәтер алу кезегіне тұрудың жаңа ережелері күшіне енеді. Енді мемлекеттік баспанаға соңғы бес жылда өз меншігінде жылжымайтын мүлкі болмаған азаматтар ғана үміткер бола алады. Сонымен қатар, апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындары жеңілдік алушылар тізіміне қосылады.
Кезекке тұрған азаматтар Отбасы банкінің бірыңғай базасына ауыстырылып, kezekte.kz порталының жұмысы тоқтатылады. Оның орнына жаңа ақпараттық жүйе іске қосылады. Тұрғын үйді үлестіру енді тіркеуге тұрған күн мен табыс деңгейіне қарай жүзеге асырылмақ. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құрылыс және ТҮКШ істері комитетінің бас сарапшысы Айда Уақбаева хабарлады. Оның айтуынша, табысы төмен азаматтар үшін жалға алу ақысын субсидиялау, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар сияқты түрлі мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған.
Алайда, ұсыныс шектеулі болғандықтан, жаңа өзгерістердің тиімділігіне күмәнданатындар аз емес. Қазіргі таңда баспана алу кезегінде шамамен 700 мың адам тұр, ал мемлекет жыл сайын тек 10 мыңдай пәтер ғана бере алады. Оның өзі, негізінен, сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үй. Бұл көпшіліктің жеке баспанаға қол жеткізуін қол жетпес арманға айналдырып отыр.