Госорганы

Үкімет дағдарыс жағдайында кей құқықтық актілерді Парламенттің келісімінсіз қабылдауға құқылы – Әділет министрлігі

Сондай-ақ Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы Бас Прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге берілді

Конституциялық Сот еліміздің бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін орган болады. Сот жүйесі туралы Конституциялық заңға ұқсас Конституциялық Сот судьяларының отставкаға шығу институтын енгізу ұсынылады. Бұл туралы Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Мәжіліс залында ұйымдастырылған жиында мәлімдеді.

Жалпы, Конституциялық заң жобасы 3 бөлімнен, 10 тараудан және 68 баптан тұрады.

Заң жобасында Конституциялық Сотты қаржыландыру тәртібін, оның аппаратының мәртебесін және осы органның қызметін қамтамасыз етуге байланысты өзге де мәселелерді қамтитын Конституциялық Соттың қызметін ұйымдастыру мәселелері қарастырылған. Сонымен бірге, бұл бөлімде Конституциялық Соттың құзыреті және оны жүзеге асырудың ұйымдастырушылық нысандары көрсетілген.

«Конституциялық Соттың құзыреті Конституцияның 72-бабымен тікелей реттеледі. Мәселен, Конституциялық соттың құзыретіне сайлауды өткізудің дұрыстығы мәселелерін қарау, Парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттардың республика Конституциясына сәйкестігін қарау, сондай-ақ Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру жатқызылған. Яғни Конституциялық Кеңестің барлық қолданыстағы функциялары Конституциялық Сотқа берілді», — деді вице-министр.

Бұдан басқа, ең маңыздысы, Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Конституциялық Сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді Конституцияға сәйкестігін қарайтын болады.

Сондай-ақ Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы Бас Прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге берілді.

«Конституцияның жаңа 83-1-бабының нормаларымен уәкілдің қызметінің міндеттері, тәуелсіздігі мен өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде қандай да бір өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың алдында есеп бермеуінің кепілдіктері бекітілді. Бұдан былай Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы мен оның қызметін ұйымдастыру конституциялық заңмен айқындалады», — деді Алма Мұқанова.

Әділет министрлігі уәкілдің құзыреттілігін күшейтіп, оның қызметін ұйымдастырудың тиімділігін арттыру керектігін ұсынды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында заң шығару процедурасының өзгеруі көзделген.

«Конституцияға қабылданған түзетулерге сәйкес заң жобалары Парламентке енгізілген жағдайда, Республика Үкіметі дағдарыстық жағдайларға жедел ден қою мақсатында әзірленген заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық актілерді өзінің жауапкершілігімен қабылдауға хақылы, олар Парламент қабылдаған заңдар күшіне енгенге дейін немесе Парламент заңдарды қабылдамағанға дейін қолданыста болады», — деді вице-министр.

 

Другие новости

Back to top button