ГлавноеГосорганы

Үкімет білім беру туралы тұжырымдаманы бекітті

Тұжырымдама 2022-2026 жылдарға арналған

Үкімет отырысында министрлер кабинеті ҚР білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Ұсынылып отырған тұжырымдама жобасының мақсаты – әрбір азаматтың білім алуына қажетті жағдай жасау. Яғни, балабақшадан бастап университетке дейінгі оқытудың барлық деңгейінде сапалы білім алу қолжетімді болуы тиіс. Құжатта барынша биік мақсаттарды көздейтін нысаналы индикаторлар айқындалған. 2026 жылға қарай мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының барлығы тәрбие және оқыту сапасын бағалаудың халықаралық құралдарын енгізеді», — деді Премьер-министр Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ тұжырымдама аясында ата-аналар білім беру жүйесіндегі «жан басына қаржыландыру» принципі бойынша кез келген балабақшадан орын таңдай алады.

Сонымен қатар, құжатта балалардың амандығы мен әл-ауқаты индексін және интерактивті картасын   іске асыру шаралары көзделген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектептерде жайлы және қауіпсіз орта құру мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы әзірленіп жатыр.

«Шағын жинақты мектептерде білім беру сапасын жақсарту үшін «Мобилді мұғалім», «Оқу үлгерімі төмен мектептерге мықты мектептердің қамқорлығы», «Қамқор жанұя» жобалары енгізілуде. 2025  жылға қарай жаңа құрылыс стандарттары бойынша жалпы саны 840 мың орынға арналған мектептер салу жоспарланған. Тұжырымдаманың барлық жоспары, сайып келгенде, балалардың сапалы және жан-жақты дамуын қамтамасыз етуі керек», — деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-министр айтқандай, 2026 жылға қарай бакалаврлар стипендиясының мөлшері 2 есеге,   магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,5 есеге артады.

«Тұжырымдаманы іске асыру білім беру сапасын жақсартуға және Қазақстанның халықаралық білім беру рейтингтеріндегі көрсеткіштерін арттыруға бағытталған», — деді ол.

 

Другие новости

Back to top button