Госорганы

Үкімет «Апат қаупі бар»: қай облыстарда жылу, су және кәріз желілері қатты тозған

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев инженерлік желілердің әбден тозғанына байланысты жыл сайын апат қаупі туып отырғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жыл сайын жылу, су жабдықтары мен су бұру жүйелерінің тозуына байланысты технологиялық апат туындау қаупі бар. Былтырғы жылу беру маусымында жылу желілерінде 53, су және кәріз желілерінде 264 технологиялық сипаттағы ақау тіркелді. Олардың басым бөлігі – Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды  облыстарында және Астана қаласында», — деді министр Үкімет отырысында.

Қай облыстарда инженерлік желілер тозған

Нағаспаевтың айтуынша, еліміз бойынша инженерлік желілердің ұзындығы – шамамен 137 мың шақырым. Олардың орташа тозу деңгейі – 49 пайыз, шамамен 67 мың шақырымы ауыстыруды қажет етеді.

«Ең көп тозған инженерлік желілер Павлодар, Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелген. Биыл республикалық бюджеттен сумен жабдықтау объектілерін салу және қайта жаңарту үшін 176 миллиард теңге қарастырылды. Жалпы 2030 жылға дейін тозған инженерлік желілерді 40 пайызға дейін төмендету жоспарланған. Осы тапсырманы орындау үшін «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданды. Осы жоба аясында шамамен 1 триллион теңге болатын 8 мың шақырым су және су бұру желілерін жаңғырту жоспарланып отыр», — деді министр.

Нағаспаев осы жоба тозығы жеткен инженерлік желілерді кезең-кезеңімен азайтуға, су және су бұру жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге, қызмет сапасын арттыруға және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы апат санын азайтуға мүмкіндік беретініне сендірді.

Другие новости

Back to top button