Госорганы

Үкімет алты айдан кейін үмітті ақтамаса, біз өз кандидатурамызды ұсынамыз – Ходжаназаров

Мәжіліс депутаты, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров Әлихан Смайылов бастаған үкімет жарты жыл ішінде тиімді жұмыс көрсетпесе, фракция өз кандидатурасын ұсынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

 

Ходжаназаров Смайыловқа дауыс беру кезінде қалыс қалғанын айтты. Ал талқылау барысында фракция оның кандидатурасын қолдап, тағы бір мүмкіндік беруге шешкен.

 

«Өкінішке қарай бізде басқа кандидатура болған жоқ. Егер өз кандидатурамыз болса, соны ұсынатын едік. Үкіметті басқара алатын запастағы кандидаттар пулын құру үшін бізге уақыт керек. Екі ай ішінде үкіметтің алдында тұрған міндеттерді орындай алатын кадрлық резервті құру мүмкін емес», — деді депутат мәжіліс кулуарында.

Ходжаназаров үкімет басшылығына жаңа кандидатураны Respublica партиясының фракциясы тек жарты жылдан кейін ұсына алатынын айтты.

«Өз кандидатурамызды алты айдан кейін ұсына аламыз деп ойлаймын. Қазіргі басшыға жарты жыл уақыт берейік, көрейік. Егер қолынан келмесе, біз өз кандидатурамызды ұсынамыз. Егер үкімет жарты жылдан кейін де тиімсіз жұмыс көрсетсе, біз депутаттар арасында осы мәселені көтереміз», — деді мәжілісмен.

Осы орайда журналистер «алты айдан соң Смайыловтың отставкасы туралы мәселе көтересіздер ме сонда?» деп нақтылады.

«Иә, неге көтермеске?», деп жауап берді Ходжаназаров.

Еске салсақ, бүгін мәжіліс премьер-министр лауазымына Әлихан Смайыловты тағайындауға келісім берді. Оның кандидатурасын 82 депутат жақтаса, 7 депутат қарсы дауыс берді. Сегіз мәжілісмен қалыс қалды.

Смайыловтың кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия – Amanat ұсынды. Президент де оны қолдады.

 

Другие новости

Back to top button