«Үйсіз-күйсіз қалдық» — Алматыда өрт шыққан тұрғын үй кешенінде тұратындар жағдайды баяндап берді (видео)
Кеше, 1 тамыз күні сағат 17:10-да Алматыдағы Ақкент тұрғын үй кешеніндегі 54 үйдің кабель шахтасында 1 мен 16 қабат аралығында электр кабельдері жанып, өрт шыққан еді. Қайғылы оқиға орын алған жерге Stan.kzтілшісі барып қайтты.
Жанып жатқан ғимараттан бас сауғалаған адамдар терезеден секірген еді. Жоғары қабаттан төменге секіруге аз қалған тұрғын жағдайды баяндап берді.
“Соңына дейін бардым секіруге. Бірақ жанымда сіңлім болды. Сіңлім секірме деп мені ұстап тұрды. Сосын өрт сөндіруші жігіт те апа секірмеңіз деді. Бітті, үй қазір жарылады деп ойладық. Түрік ағайындардың краны көтерілгеннен кейін құтқарылатынымызға сенім болды” — деді тұрғын Бағила Сапарбаева.
Өрт шыққан тұрғын үйден бас сауғалаған адамдарды құтқаруға түрік ағайындармен бірге осы кешенде тұратын азаматтардың бірі Тілеужан да көмектескен.
“Сағат бестер шамасында иісін сезе бастаған кезде әйеліме бала-шағаны жинап, далаға шығыңдар дедім. Оларды баспалдаққа дейін жеткізіп, шыға беріңдер дедім де өзім 16 қабатқа көтеріліп кеттім көршілеріме. Өйткені түтіннің көтеріліп, бірден 16 қабатқа шығатынын білдім. Жоғарыдағылардың барлығына ескертейін деп барлығының есігін қағып шықтым. 16-дағы көршілерімді шығарып алдым. Кеше интервьюда 3-4 адам деп айтыппын. Бірақ жаңа көршілерім келіп алғыстарын айтып жатыр. Шок күйде болған соң ары бері жүгіре бердім. Соңғы алып шыққаным 1 жасар нәресте болды. Сол кезде ғана қатты қиналып қалдым. Себебі, сол кезде кішкене тынысым тарыла бастады. 6 рет 16 қабатқа шығып түскеннен кейін қиналып қалдым. Қыздың дауысын естіген кезде ішке кіріп кеткенмін. Сыртқа басым айналып әрең шықтым. Сосын улануға қарсы дәрі-дәрмекті алып, жедел жәрдем қызметіне жүгіндім” — деді тұрғын Тілеужан Ахметхан.
Алайда бұл оқиғаға қатысты қайғылы жағдай да бар. Өрт шыққан үйден төмен қарай секірген тұрғындар арасында бір әйелдің қайтыс болғаны анықталды. Марқұм көзі тірісінде көршілерімен жақсы араласқан екен.
“Негізі бәрі жақсы деп қуанып жатыр едім. Алайда қазаны естіген кезде қатты жүрегіме батты. Өте жақсы кісілер еді. Отбасымызбен араласамыз. Сол қызға көмек қолымды соза алмай қалғаныма өкінемін. Бірақ жоғарыдан басталғаннан кейін ол кісілер де түседі деген ойда болдым. Ол жерде таңдайтындай уақыт болған жоқ. Қиын боп тұр. Қазір бәріміз үйсіз-күйсіз қалдық. Спорт залда немесе басқа жерде жатқымыз келмейді. Өз үйімізге қайта оралсақ, мұндай жағдай екінші рет қайталанбаса екен деген үмітіміз бар. Басшылар жақсылап тексерсін, нақты нәтижелерін көрсетсін деген талабымыз бар” — дейді тұрғын Тілеужан Ахметхан.
Тұрып жатқан үйі өртенген тұрғындарға арнайы шатыр тігіліп, су жеткізілген. Сондай-ақ жақын маңдағы тамақтанатын орындар тұрғындарға ас әзірлеп, жәрдемдерін беруде.
“Зардап шеккен кісілер келді. Сыйғанша отырғыздық. Кеше шамамен 120 адамдай келді. Бүгін таңертең 70 адам келді” — деді кафе администраторы Мадина Ордабекқызы.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 80 адам құтқарылды. Оның ішінде 35 тұрғын құтқару қалпақшасының көмегімен, қалған тұрғындар арнайы техниканың жәрдемімен. Сондай-ақ 200-ден астам адам эвакуацияланған.
Айта кетейік, күні кеше Алматыда Ақкент тұрғын үй кешенінде өрт шығып, бас сауғалаған адамдар терезеден секірген еді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда көпқабатты тұрғын үй өртеніп, бас сауғалаған адамдар терезеден секіргені және Алматыда Ақкент тұрғын үй кешенінде өрттен зардап шеккен пәтерлерді құрылыс салушы қалпына келтіретіні туралы жазған едік.