Түркістанда үш жасар Асылымды дәретханаға көршінің қызы құлатқан: күдікті жындыханаға түсті
Алайда, күдікке ілінген қыз бұған дейін шизофрения бойынша еш жерде есепте тұрмаған
Түркістан облысында биыл көктемде дәретханаға түсіп көз жұмған үш жасар Асылым кісі қолынан қаза тапқаны ресми түрде расталды. Бүлдіршінді өлтірді деген күдікпен көрші үйдің оқушы қызы ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үш жасар қыздың өлімін тергеу барысында күдікті анықталған.
«Полиция үш жасар қыздың қайтыс болу фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Оның денесі осы жылдың мамыр айында Сарыағаш ауданында дәретханадан табылған. Тергеу барысында бұл оқиғаға кәмелетке толмаған күдіктінің қатысы болуы мүмкін екені анықталды. Анықталған жағдайларға байланысты және күдіктінің психологиялық жағдайын ескере отырып, ол мамандандырылған медициналық мекемеге орналастырылды», — деді Түркістан облысының полиция департаменті.
Қазір істің барлық мән-жайын толық және жан-жақты анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда. Полиция ақиқатты анықтауға және заңды шешім қабылдауға бар күшін салады, деп сендірді облыстық полиция.
Алайда, полиция оқушы қыз арнайы медициналық мекемеге түсті дегенмен, Түркістан облысының білім басқармасы Azattyq Rýhy тілшісіне кәмелетке толмаған күдікті қыз бұған дейін еш жерде есепте тұрмағанын мәлімдеді.
«Сіз көтерген мәселе Түркістан облысы білім басқармасының жіті бақылауында. Күдікті адамның өмірі мен денсаулығына байланысты еш жерде тіркеуде болмағанын мәлімдейміз. Өзге ақпараттар тергеу амалдарына байланысты жария етілмейді», — деді басқармадағылар.
Естеріңізге салайық, өткен демалыста журналист Гүлмира Әбіқай Түркістан облысының Сіргелі ауылында дәретханадан өлі табылған үш жасар Асылымның адам қолынан көз жұмғанын жазды.Баланы көрші үйде тұратын 16 жастағы қыз өлтірген. Тергеу барысында күдіктінің шизофренияға шалдыққаны анықталған дейді журналист.
Ал, полиция департаменті күдікті қыздың шизофрениямен ауырып-ауырмайтынын тергеу мен сараптама анықтап беретінін алға тартып отыр.