Выбор редакцииТуркестанская область

Түркістанда көпбалалы әке емхана ішінде өзін-өзі өртеп жібермек болды

Ауырып жатқан балаларға инъекция жасауға міндетті емеспіз деп міз бақпаған дәрігерлерге ашынған әке осындай қадамға барған

Түркістан облысы Келес ауданында 20 күннен бері балалары сырқаттанып жатқан көпбалалы әке медицина мекемесінде өзін өртеп жібермек болды. Ер кісінің айтуынша, дәрігерлер науқас балаларға қарамай қойған, деп хабарлайды Azattyq RuhyЭкспресс К-ға сілтеме жасап.

Бұл сәтті ер кісі видеоға өзі түсіріп алған. Бейнежазба ТікТок-та жарияланды.

Алғашқы видео көпбалалы отбасының үйінде түсірілген. Ер кісінің айтуынша, әйелінің аяғы ауыр. Оны дәрігерлермен алысып жүріп ауруханаға әрең жатқызыпты. Ал үйде шиеттей баласы ауырып жатыр. Оның бірі мүмкіндігі шектеулі, тіпті сөйлей де алмайды екен. Балалардың әжесі де сырқаттанып қалған.

Ер кісі балаларды дәрігерге қаратқан. Олар қажетті дәрілерді жазып берген. Көпбалалы әке 40 мың теңгеге керекті дәрі-дәрмекті сатып алыпты.

«Дәрілерді салып беретін маман жоқ. Олар дәрі егуге міндетті емеспіз дейді. Жедел жәрдемдегілер де солай айтты. Тым болмағанда ақшасын берейін дедім, бірақ дәрі салдыратын адам жоқ. Кім салу керек? Өліп кету керек пе сонда?», — дейді ашынған ер кісі.

Келес ауданы тұрғынының айтуынша, ауылда әр көшеге екі медбикеден бекітілген. Бір медпункте үш дәрігер қызмет етеді. Бірақ ешбірінен қайыр жоқ көрінеді. Әбден ашуға булыққан әке дәрігер іздеп, емханаға барған. Алайда ондағылардан мардымды жауап ала алмаған. Амалсыздан өзімен бірге алып барған жанармаймен өзін-өзі өртеп жібермек болады. Бірақ ондағылар жабылып жүріп, райынан қайтарған.

«Бес балама қарамайды. Бұларға жан керек екен. Одан да өлгенім жақсы. Бәрін отырсыңдар, айлық аласыңдар. Сендерге заң жоқ екен. Кезекші медбикелерің де жоқ. Ақшаларыңа дейін беремін дедім. 20 күн болды балаларым ауырып жатқанына. Кімнің міндеті сонда?»,- дейді ол.

Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасындағылар бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Оқиға Келес аудандық ауруханаға қарасты Ораз ата дәрігерлік емханада болған. Аурухана басшылығы оқиғаны назарға алып, шұғыл комиссия құрылыпты. Нәтижесінде екі маман жұмыстан босатылған.

«Жіберілген кемшіліктері үшін Ораз ата дәрігерлік емхананың аға дәрігері және медбикесі 21 желтоқсан күні жұмыстан босатылды. Ал аға медбике, учаскелік әлеуметтік қызметкер, психолог дәрігеріне қатаң сөгіс берілді. Емхананың аға дәрігерлері және аға медбикелерімен учаскелік үй аралау жұмыстары күшейтілді. Жүкті әйелдер және балалар арасындағы тұмау мен ЖРВИ ауруларының алдын алу бойынша жиналыс өткізіліп, хаттамасы тіркелді, — деп атап өтті қоғамдық денсаулық сақтау басқармасындағылар.

Ведомство мәліметінше, ер кісінің әйелі 17 желтоқсаннан бері жедел респираторлы вирустық инфекция диагнозымен ауруханада емделуде екен. 2021 жылы дүниеге келген қызы да осындай диагнозбен ем қабылдауда. Тексеруден кейін қалған төрт баласына дәрігерлік толық тексеру жүргізілген. Олар ЖРВИ орта және жеңіл дәрежесі диагнозымен жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылған және көмек көрсетіліп, қажетті емді алып жатыр. Балалардың жағдайы орташа қанағаттанарлық дәрежеде екен.

«Әлеуметтік желіде жарияланған тұрғынның видеосы бойынша кеңес жүргізілді. Аудандық ауруханаға шағымы жоқтығы жөнінде қарсы арызы алынды», —  деп қосты басқармадағылар.

Другие новости

Back to top button