Түркістанда 30 жыл бірге тұрған күйеуін белбеумен буындырып өлтірген әйелге қатысты сот үкімі шықты
Түркістан қаласында 30 жыл бірге тұрған күйеуін өз қолымен өлтірген 50 жастағы әйелге сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайғылы жағдай 2024 жылдың 22 сәуірінде Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қарамұрт ауылында болған еді.
Сотталушы Лобар Хаджиева мен марқұм күйеуінің төрт баласы бар. Оның екеуі ұл, екеуі қыз. Ұлдарының бірі екінші топ мүгедегі. Сот барысында мүмкіндігі шектеулі ұлының физикалық кемістігі үшін әкесінен қорлық көріп өскені айтылды.
Сот барысында марқұмның тұрақты жұмыс істемегені де белгілі болды. Прокурордың айтуынша, қайғылы оқиға болатын күні ер адам әйелінен ішімдікке ақша сұрап мазасын алған көрінеді.
“Лобар Хаджиева кешке ұлымен шай ішіп отырғанда күйеуі келіп спирттік ішімдікке ақша сұраған. Сөйтіп әйелден соңғы 1500 теңгесін алып кеткен. Бірер сағаттан соң ер адам үйіне мас күйде келіп, жанжал болады. Және әйелінің бетіне “насыбайды” түкіріп жібереді. Ашуға булыққан Лобар Хаджиева күйеуін өлтіруге бел байлайды. Масаң күйде отырғанын пайдаланып, артынан белбеумен буындырған. Ер адам сол жерде жан тапсырған”, – деді прокурор Тоқтар Аманқұл.
Лобар Хаджиеваға қатысты сот отырысы 1 тамызда басталды. Сотталушы әйел кінәсін ішінара мойындады. Прокурор әйелге 11 жыл 3 ай бас бостандығынан айыруды сұраған.
Сот Лобар Хаджиеваны 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысында әйелдің күйеуін белбеумен буындырып өлтіргені туралы жазған едік.