ГлавноеГосорганы

Түркістан облысындағы бес жасар қыздың өлімі: Бас прокуратура мәлімдеме жасады

Бас прокуратура Түркістан облысында бес жасар қыздың өліміне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Өздеріңізге белгілі, 13 шілдеде Түркістан облысының Сарыағаш ауданында зорлық белгілері бар қыздың мәйіті табылды. Сол күні полиция қызметкерлері аталған қылмысты жасады деген күдікпен бұрын бірнеше рет сотталған азамат Г.-ны ұстады және уақытша ұстау изоляторына қамады. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі (кәмелетке толмаған адамды өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – делінген хабарламада.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

«Күдікті Г.-ның бұрын адам өлтіргені үшін 2006 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылғаны анықталды. 2023 жылдың мамыр айында жанжалдасып спирттік ішімдік ішу кезінде ауылдасын балтамен ұрған. Сот Г.-ның жәбірленушімен татуласқанын, бұрын соттылығының жойылғанын ескере отырып, оған пробациялық бақылау орнатумен 3 жыл бас бостандығын шектеу тағайындалды. Бас прокуратура бұл үкімге жазаны қатаңдату және бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау туралы кассациялық наразылық келтірді», – деп түсіндірді Бас прокуратура.

Басқармада түсіндірілгендей, Г.-ның пробациялық бақылауда бола отырып, аса ауыр қылмыс жасағаны ескеріліп, пробация қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес адамға қарсы аса қауіпті қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулер блогы дайындалуда. Осы қылмыстар бойынша санкцияларды қайта қарау, жаза тағайындау және босату тәртібін өзгерту, соттылықтың күшін жою, адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқан адамдарға әкімшілік қадағалауды белгілеу шарттары пысықталуда. Қылмыстық істі тергеу барысы бас прокурордың жеке бақылауында», – деп толықтырды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Сарыағаш ауданында 2018 жылы туған қыз бала өлтірілген болатын. Полицейлер жедел-іздестіру шаралары барысында ауыл тұрғындарының бірінің үйінен қыздың мәйітін тапты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.

Другие новости

Back to top button