Түркістан облысында жоғалып кеткен жасөспірім өлі табылды
Түркістан облысы Сайрам ауданында жоғалып кеткен 10-сынып оқушысы өлі табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, жасөспірім бірнеше күн бойы үйінде болмаған. Оның туыстары хабар-ошарсыз кеткенін айтып, құзырлы органдарға хабарласқан. Артынша кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды.
Полиция суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, сараптама тағайындады.
“Сайрам ауданында кәмелетке толмаған баланың өз-өзіне қол жұмсауы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалып, барлық мән-жайы анықталып жатыр. Басқа ақпарат жария етілмейді”, – деп хабарлады Түркістан облысының полиция департаменті.
Еске салайық, Қызылорда облысы Төңкеріс ауылында 9-сыныптың оқушысы көз жұмғанын жазған едік. Марқұмның анасы “жоғары сыныпта оқитын балалар ұлымды ұрып-соғып, әлімжеттік көрсеткен” дейді. Алған ауыр жарақаттан жасөспірім ауруханаға жетпей жан тапсырған. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу бастады. Күдікті ретінде 10-сыныптың екі оқушысы қамауға алынған.