Түркияда кезектен тыс президент сайлауын өткізудің маңызды себебі пайда болды

Түркияда халықтық-республикалық партия кезектен тыс президенттік сайлау мен қамауға алынған Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоглұны босатуды қолдаған 10 миллионнан астам адамның қолын жинады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚОЛ ЖИНАУ
Партия қол жинау науқанын наурыз айының соңында бастаған. РИА Новости агенттігінің мәліметінше, Ашиян айлағында орналасқан 16 қол жинау пунктінің біреуі тәулігіне шамамен 1,6 мың адамның қолын жинайды.
Халықтық-республикалық партияның мақсаты — 28 миллион қол жинау. Бұл — қазіргі президент Режеп Тайып Ердоған соңғы сайлауда алған дауыс санына тең көрсеткіш. Айта кетейік, Түркияда келесі президенттік сайлау 2028 жылдың көктеміне жоспарланған.
БҰҒАН ДЕЙІН
Ыстамбұл мен Түркияның басқа да қалаларында оппозициядағы қала әкімі Экрем Имамоглудың ұсталуына қарсы жаппай наразылық шерулері өткен. Ол алдағы президенттік сайлауда Түркия көшбасшысы Режеп Тайып Ердоғанның басты қарсыласы ретінде сайлауға түспек болған еді.
Наразылықтар Ыстамбұл провинциясының губернаторы алдағы төрт күн бойы кез келген көшедегі шеру мен жаппай жиналыстарға тыйым салу туралы жарлық шығарғанына және қала бойынша полиция күштерінің едәуір күшейтілгеніне қарамастан өршіді.
Құқық қорғау органдары қалалық әкімдік ғимаратын қоршауға алып, бірнеше көшені, сондай-ақ Таксим орталық алаңын жауып тастады. Наразылық білдірушілер әкімдік ғимаратының алдына, Имамоглу қамауда отырған полиция бөлімшесіне, Ыстамбұл университетіне және өзге де орындарға жиналды.