Нур-Султан

«Түнгі 1-де хабарласып, боқтық сөздер айтты»: Марқұм Салтанат Нүкенованың сіңлісі Бишімбаев екеуінің қарым-қатынасына қарсы болғанын айтты

Әйелін өлтірді деп сотқа тартылған Бишімбаев сотында марқұм Салтанат Нүкенованың сіңлісі Айнұр Нүкенова куәгер болды. Ол айыпталушы Бишімбаевтың мінез-құлқы ұнамағанын, оның оған да дөрекілік танытқанын айтты.

 

Айнұр Нүкенова мен Салтанат Нүкенованың әкелері бір туған. Ол Салтанаттың Қуандықпен қарым-қатынасына қарсы болған. Айтуынша, оның өмірбаяны, Салтанатты әлеуметтік желіден мазалай бергені ұнамаған.

“Ол Камилла деген қызды Салтанаттың консультациясына әдейі жіберген, ол досымен таныстырғысы келетінін айтқан. Қуандық Instagram желісінде қайта-қайта жазып, оның Stories-теріне жауап жаза беретіні біртүрлі көрінді, мен бірден қарсылығымызды білдірдім”, – дейді Нүкенова.

Айтуынша, Қуандық Бишімбаев Айнұрдан құдалықта ресторанды безендіруін сұраған. Өйткені ол мерекелік іс-шараларды ұйымдастырып, безендірумен айналысады.

“Бірге жұмыс істеген кезде Қуандық жақсы адам сынды көрінді, бірақ тойдағы әрекеті ұнаған жоқ. Ол тойға емес, басқа нәрсеге алаңдағандай болды. Кейін ол шараға мен бармадым, тек анам барған. Олар анама алғыс жаудырып, бәрі ұнағанын айтты”, – деді куәгер.

Алайда түнгі 1-де Салтанат пен Қуандық екеуі қатарынан хабарласыпты. Салтанат не болып жатқанын сұрап, Қуандықтың боқтық сөздер айтып, ашуға булығып жатқанын мәлімдеген.

“Қуандық агрессивті түрде ашуланып, “не себепті жасанды емес, шын гүлдер болды?” деп айқайға басты. Боқтық сөздерді қолданды. Осыдан соң тойды да безендіруді сұраған, бірақ мен Салтанатқа “өздерің басқа адам табыңдаршы” деп өтініштерінен бас тарттым” – дейді ол.

Тойға дейін Салтанат пен айнұрдың қарым-қатынасы жақын болғанымен, тойдан кейін аралары суып кеткен.

“Бір күні Салтанат қарызға ақша сұраған. Бұған дейін ақша сұрап көрмеген еді, таңғалдым. Клининг үшін 50 мың теңге жүруімді сұрады. Мен бірден аударып жібердім”, – деді марқұмның сіңлісі.

Ол Салтанат тұрмысқа шыққанға дейін 2-3 миллион теңге табыс тапқанын айтты.

Бұған дейін сотта Бишімбаевтың жеке қойын дәптеріне жазылған Салтанаттың қолхаты оқылды. Осыдан соң Бишімбаев не себепті жедел жәрдем шақырмай, көріпкелге хабарласқанын айтты

Еске салайық, Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды. Бұдан бөлек экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі («Азаптау»), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы («Аса қатыгездікпен адам өлтіру») бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған еді.

Другие новости

Back to top button