Туған анасы кезекті ер адаммен көңіл жарастырып, тастап кеткен: Қонаевта 14 жастағы жеткіншек ескірткіге уланған күйі табылды
Қонаев қаласында туған анасы тастап кеткен 14 жастағы бала есірткіге ұқсас затқа мастанып, бейімдеу орталығынан бір-ақ шыққан. Оның және екі бауырының алдағы өміріне алаңдаған туыс әпкелері көпшіліктен көмек сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме беріп.
Бақытын өзгеден іздеген Жанна Қажыман үш баласын туған әпкесіне тастап кеткен. Балаларға ие боп қалған оның туған әпкесі Маржан жиендеріне қамқор болуға бекінген.
“Сіңлімнің балаларын тастап кеткеніне 4 жылға жуықтады, басқа ер адаммен тұрып жатыр. Ол балалармен бірге тұрғысы келмейді. Сіңлім үш баланың кімнен екенін білмейді. Жүргіштігі де бар. Ертең тағы да жүкті боп келмесіне кім кепіл”, – дейді Маржан.
Ал Жаннаның өзі: “Балаларымды тастауға мәжбүр болдым, оларды асырауға шамам келмеді”, – деп тарыққанын жасырмады.
“Балаларымды ешкімге тастамадым, уақытша бердім. Қазіргі күйеуім де балаларға қарсы емес. Ақша тапқым келеді, дипломым жоқ болғандықтан, жұмысқа алмайды. Еден жуғым келмейді”, – дейді Жанна.
Жаннаның айтуынша, Ілиястың әкесі Егінсуда тұрады. Әке болып көмектескен емес. Ал екі қыздың әкесінен Жанна бейхабар. Тіпті аты да есінде жоқ екен.
Әпкесінің қолында тұрып жатқан Ілиясты көрші әйел иесіз үйден ес-түссіз күйде тауып алып, ауруханаға жеткізеді. Жас баланың мұндай халге түсуіне не себеп болғаны белгісіз.
“Иесіз үйден тауып алдым. Ішкен бе, шеккен бе, нақтысын білмеймін. Менің міндетім баланың есін жидыру керек болды. Оған алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткіздік. Бала уланып қалған. Нақты неден уланғаны белгісіз”, – деді көрші әйел.
Медициналық сараптамалардың нәтижесіне сәйкес, жасөспірім есірткі тәріздес затпен уланып, Қонаев қалалық полиция басқармасына және наркология бөліміне есепке алынды. Мұғалімдерінің айтуынша, баланың мектептегі тәртібі жақсы болғанымен, одан тыс бұзақылық әрекеттерімен көзге түскен көрінеді.
Ол аз болғандай, жасөспірім мен оның екі қарындасын Талдықорған қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына әкеткен. Нағашы әпкесі орталық қызметкерлерінің қолындағы үш баланы алып кетуіне материалдық жағдайының төмендігі мен пәтер ақысын төлей алмауы себеп дейді. Шын мәнісінде, мәселе баланың есірткі қолданып, жақындарының қарауынсыз қалуында болып шықты.
Сондай-ақ балаларға қамқор болып отырған Маржан сіңлісінің науқас екенін айтты. Дәрігерлер олигофрения (ақыл-естің кемдігі) деген диагноз қойған. Келіншектің бұл аурудың жеңіл түрімен ауыратыны белгілі болды. Қорыта келе, мамандар балалардың туған анасының денсаулығында кінәраттың бар-жоғын анықтап, оларды қайтадан қолына алу мәселесі бір жақты болмақ. Ал балалар үшін үй мәселесін Қонаев қаласының әкімдігі шешіп беруге уәде етті.