Госорганы

Тоқаев ШЫҰ-да Инвестициялық қор құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің Инвестициялық қорын құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды, деп хабарлайлы ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

 

Бүгін ШЫҰ елдері Мемлекет басшыларының кеңесіне қатысқан Қ.Тоқаев сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуді ұсынды.

«Географиялық тұрғыда мемлекеттердің байланысы, көлік-транзит әлеуеті, нарықтың ауқымдылығы мен экономикалардың бірін-бірі толықтыруы ШЫҰ-ның басымдығы саналады. Осыған қарамастан, ШЫҰ аясында 20 жылдан астам уақыттан бері бірде-бір ірі экономикалық жобаны жүзеге асыру мүмкін болмады. Жобаны қаржылық қолдау механизмдерінің болмауы – мұның айқын факторы. Осыған байланысты Үкіметтер басшыларының кеңесіне бірлескен Инвестициялық қор құру мүмкіндігін қарастыруды тапсыруды және осы маңызды жоба бойынша ұсыныстар айтуды ұсынамын. Әлемдегі қаржы институттарының үздік тәжірибелерін меңгерген «Астана» халықаралық қаржы орталығы ШЫҰ-ның аймақтық жобаларына тікелей және портфельді инвестиция құюды ынталандыру үшін тиімді платформа бола алады», — деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ ҚР Президенті ірі стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құруды ұсынды.

«Экономикалық кооперация көбіне көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдалануға байланысты. Жүк жеткізудің дәстүрлі тізбегінің үзілуіне байланысты заманауи көлік инфрақұрылымын құрудың және жаңа бәсекелі бағыттар ашудың стратегиялық маңызы арта түсті. «Бір белдеу, бір жол» мега жобасы мен Транскаспий халықаралық көлік бағдарын жүзеге асыруға бірлесе күш салу арқылы біз «Солтүстік – Оңтүстік» және «Шығыс – Батыс» дәліздерінің мүмкіндігін ашудың барлық алғышартын қалыптастырамыз. Іс жүзіндегі шара ретінде Ірі стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құруды ұсынамыз. Аталған механизмнің нақты модальдылығын елдеріміздің үкіметтері қарастыра алады. Бұл іске көлік және темір жол әкімшіліктерінің басшыларын қатыстыру қажет», — деп атап өтті Қ.Тоқаев.

Другие новости

Back to top button