Госорганы

Тоқаев қаңтар оқиғасы кезінде батырлық көрсеткен волонтерлер туралы айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы кезіндегі еріктілердің ерен еңбегі жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаңтар оқиғасына дейін елдегі жағдайды әдейі шайқалтқандар болды. Олар түрлі жолдармен наразылық көңіл-күйін өршітіп, қоғамымызды бөлшектеу мақсатын көздеді. Сондықтан олардың көпшілігі қаңтар трагедиясына жанама түрде жауапты. Өйткені олар жағдайдың қалай шиеленісіп жатқанын, тәртіпсіздіктің өршіп бара жатқанын көре тұра, керісінше, халықты көшелер мен алаңдарға шығуға үгіттеді. Бұл тұрғыда олар онсыз да қиын жағдайды ушықтырды. Бірақ сын сағатта олар үйлеріне барып тығылды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы жұртшылығымен кездесуінде.

Осы орайда Президент жаппай тәртіпсіздік кезінде мыңдаған жауапты азаматтар қоғамдық жасақтарға бірігіп, түрлі нысандарды күзетіп, тонаушыларға қарсы шыққанын атап өтті.

«Еріктілер әскерилер мен полиция қызметкерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Бұл тұрғыда олар мақтана бермейтін, өздеріне ерекше назар аударуды қажет етпейтін нағыз батырлар. Ал арандатушылар өздерін тек батыр ретінде көрсеткісі келеді», — деді Мемлекет басшысы.

Президент жағдай қалпына келе бастағанда әділдікті, отандастырының амандығын шынайы ойлағандай болған арандатушылар қайтадан алаңдарға, көшелерге тартыла бастағынын атап өтті.

«Менің ойымша, бұл нағыз — екіжүзділік әрі арсыздық. Өкінішке қарай, қазір де олар бұл қауіпті ойынды ойнауға тырысып отыр. Олар үшін бұл жай ғана ойын. Олар тек әлеуметтік желілердегі алдамшы танымалдылығы мен жасырын демеушілердің назарын аударудың қамын ойлайды. Осы әрекеттерінен қарапайым азаматтар зардап шегіп, мемлекет мүддесіне нұқсан келтіріледі», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанда арандатушы адамдардың ешқандай саяси болашағы болмайтынын айтты.

«Қуатты әрі дамыған ел құру жолындағы барлық стратегиялық мақсаттарымыздың орындалатынына қоғамда үміт пен сенім барын көріп тұрмын. Бұл өз кезегінде өте маңызды. Біз бірге барлық сын-қатерді еңсеріп, алға қойылған міндеттерді шешетінімізге сенімдімін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Другие новости

Back to top button