Тоннасы – 12 мың теңге: Жетісулық шаруалар қант қызылшасын сатып алатын зауыттың бағасына риза емес
Жетісулық шаруалар жаз бойғы еңбегі зая кете ме деп алаңдаулы. Өйткені зауыт биыл да былтырғыдай қант қызылшасының тоннасын небәрі 15 мың теңгеден сатып алмақ. Олар қант зауытын акционерлік қоғамға айналдыруды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жетісулық шаруалар биыл қызылша алқабын 12 мың гектардан асырған. Әр гектарына мемлекеттен 25 мың теңгеден көмек алып отыр. Алайда дақылды өсіруге кететін шығын көлемі артыпты. Гектарына миллионнан аса қаражат жұмсалады екен. Зауыт былтырғыдай 15 мыңнан сатып алса, субсидиямен қосқанда дақылдың тоннасы небәрі 40 мың теңгеге айналады дейді азаматтар. Шаруалар бұл қаражат шығынды жапқанмен, көктемнен күзге дейінгі еңбегімізді ақтамайды деп қынжылды.
“Зауыт басшылығының қызылшаны сатып алатын бағасымен келіспеймін. Өнімді тіпті жарты бағасына да алмай отыр. Кәсіпорын бізге қызылша құнының 30%-ын ғана береді. Бұдан ешқандай пайда көріп отырған жоқпыз”, – деді шаруа Александр Квитко.
“Екі жылдан бері «конвиза смарт» деген технологияны енгізіп жатырмыз, биыл 30%-ын сол технологиямен өсіріп жатырмыз, жаңа технология сапалы болады, бірақ қант зауыттарда ешқандай өзгеріс жоқ, технология ескі. Бізге ең бірінші монополистерді, монополияның бәрін бұзу керек”, – деді жетісулық шаруа Рахым Кәрімов.
Зауыт жұмысына фермерлердің көңілі толмайды. Өнімді әлі ескі технологиямен өңдеп, аз қант шығарып отыр дейді. Кәсіпорын мемлекет қаржысы есебінен жөнделгенмен, пайданың 70%-ын кәсіпкер көреді. Айтуларынша, өндірушілер олардан қанттың келісін 180 теңгеден алып, халыққа 500 теңгеге сатып, пайдаға кенеліп отыр.
“Біз бірнеше рет зауытты біріктіріп акционерлік қоғам жасау керек деп ұсыныс бергенбіз. Бұрын ондай акционерлік қоғам болған, 51%-ы шаруа қожалықтарында, 49%-ы зауыттікі, яғни қосымша мекемелердің пайдасында. 2016 жылдан бері бәрін өзгертіп тастады да, зауыт жекеменшік бір адамға берді”, – деді фермерлер қауымдастығының Жетісу облысы бойынша төрағасы Ачқар Шәріпов.
Зауыт басшысы диллерлерге қанттың келісін 160-165 теңгеден сататынын, ал нарықтағы бағаға жауапты емес екенін айтты. Былтыр қызылшадан 11 мың тонна шекер алған, ал өнімді арттыру үшін кәсіпорынды жаңарту керек, оған қыруар қаржы қажет деп отыр.
“15 мың теңге былтыр болды, биыл болды, енді болашақта не боларын көреміз. Өйткені өңдеу уақытында өзіндік құны бар ғой. Бізде шетелден келетін антрацит көмірі бар. Ол Россиядан келеді, оны бұрын140 доллардан алсақ, қазір 242 доллар болып кетті. Сол сияқты химикаттар бар”, – деп мәлімдеді «Көксу» қант зауытының директоры Алтынбек Абатов.
Фермерлер жағдай бұлай жалғаса берсе, қант өндірісі дамымайды, шаруалар банкрот болады дейді. Олар құзырлы органдар зауыттарға тексеру жүргізсін деп отыр.