Главное

ТЖМ бес баланың өлімінен кейін әкімдіктерден осал отбасылардың тізімін жинап жатыр

Батыс Қазақстанда бес бала ыстан көз жұмғаннан кейін қандай қорытынды жасалды? Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі осындай қайғылы оқиғалардың алдын алудың басқа да балама жолдарын қарастырып жатыр ма? Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты ТЖМ министрінің орынбасары Кеген Тұрсыновқа қойды.

“ТІЗІМ ЖАСАЙМЫЗ”

Өкінішке қарай сондай жағдай болды. Бес бала қайтыс болды. Қайғылы оқиға болған күні әкесі жұмыста болған, ал анасы есікті сырттан жауып, дүкенге шығып кеткен. Балалар ішінде ойнады ма, не болды – ол енді кішкентай балалар ғой. Біріншіден, біздің ТЖМ өрт қауіпсіздігі жағынан қыркүйекте әкімдіктермен бірге көпбалалы, жағдайы нашар отбасылардың тізімін жасап (…) Тізім бұрын да болды. Бірақ ол отбасы бір ай бұрын басқа үйде тұрған. Бұрынғы үйінде датчиктері бәрі болған. Бірақ бір ай бұрын көшіп кеткен. Ол үйде ешкім алдында тұрмағаннан кейін әрине, әкімдік те, біздің қызметкерлер де қарамаған, – дейді ол.

Министрдің орынбасарының сөзінше, әкімдіктер осындай тізімді жинаған соң төтенше жағдайлар министрлігіне тапсырады.

Әкімдіктермен, меценаттармен бірге бірге орнатамыз (дабыл жүйесін), көмектесеміз. Әрине, оқу-жаттығуларды өткіземіз, барлық жағын қараймыз, – дейді ол.

ТЖМ әзірге қаншама отбасы осындай жағдайда тұрып жатқанынан хабарсыз екенін білдірді.

“БАЛАНЫ ОТҚА ЖАҒАЙЫН ДЕП ДҮНИЕГЕ ӘКЕЛГЕН ЖОҚ ҚОЙ”

4 маусымда Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Жымпиты ауылында бір отбасының бес бірдей баласы ыс тиіп қаза болғаны туралы хабар тараған. Үйдің ішінде 30 шаршы метр жер өртенген. Балалар ыстан есінен танып қалған. Кейіннен ауруханада көз жұмған.

Қаза болған балалардың ең үлкені 6 жаста болған. Қалғандары 2020, 2021, 2023 және 2024 жылы туылған. Өрт кезінде ата-анасы жұмыста болғаны айтылған.

Жақындары мен көршілерінің айтуы бойынша, отбасы ауылда пәтер жалдап тұрған.  Ulysmedia.kz  тілшісі сөйлескен қара жамылған отбасының туыстарының бірі «Баланы отқа жағайын деп дүниеге әкелген жоқ қой» деген.

Бес төмпешік болып қалды да барды. Бір күннің ішінде мінекей. Бесеуі бірдей әке мен шеше аңырап қалды. Жағдайы, үйі жоқ, күйі жоқ адам қандай болады. Көмек болғанда сол ғой енді. Басқа не бар айтатын, – деген ол.

“БАЛАБАҚШАҒА ӨТІНІШ БЕРГЕН ЖОҚ”

Бүгін вице-министр  Виктория Шегайдың сөзіне ұқсас пікірді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов та айтқан. Ол бір күнде бес баласынан айырылған отбасы “көпбалалы отбасы ретінде мемлекет тарапынан көмек алып отырды. Отбасы балаларды балабақшаға тұрғызуға қатысты өтініш берген жоқ” деген.

Балабақшаға өтініш бермеген. Оны анасынан сұрайсыз. Себебі біз оны қарадық. Базаға бірде-бір өтініш бермеген… Қазір байқаған боларсыз, әрбір баланың арасы бір жастан негізінен. Анасы енді үйде отыр ғой былай қарап тұрғанда, – деген аудан әкімі.

ӨРТЕНГЕН БҮЛДІРШІНДЕР

Қазақстанда өрттен қаза болған балалар жайлы ақпарат жиі шығады. 2019 жылы ақпанда Астананың шетіндегі Көктал-1 елді мекеніндегі шағын жер үйде өрт шығып, бір отбасының бес қызы көз жұмған. Олардың үлкені 12 жаста, ал кенжесі тоғыз айлық еді. Өрт болғанда қыздардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткен. Қоғамдық резонанстан кейін қаралы отбасына үй берілген. 2024 жылы қазанда Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке үйде өрт болып, бес бала өлі табылған. Ақпанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Талды ауылында жеке үйден өрт шығып, төрт бала көз жұмған.

Другие новости

Back to top button