Терроризм жайлы жалған ақпарат бергендер қалай жазаланады
14 жастан бастап қылмыстық жаза көзделген
ҚР ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің бірінші басқарма бастығының орынбасары Алмас Талқанбаев министрліктің дәстүрлі брифингінде терроризм бойынша жалған ақпарат тарататындар қалай жазаланатынын айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеу (14,5 млн. теңге) немесе осы көлемде түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылады. Осы қылмысты жасағаны үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапқа тартылады, сондықтан мұны мектеп оқушылары білуі тиіс», — деді Талқанбаев.
Ол атағандай, сот шешімінің негізінде осындай хабарламаның кесірінен келтірілген барлық шығын өтелуі тиіс.
«Егер мұндай әрекетті кәмелетке толмаған бала жасаған болса, онда шығынды өтеу оның ата-анасына немесе оның заңды өкілдеріне жүктеледі. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама – ол әзіл де, ермек те емес, бұл қылмыстық жазаланатын әрекет екенін тағы да естеріңізге салғым келеді.
Жалған хабарлама берілді ме, бұл аяқталған қылмыс болып есептеледі. Істерін істеп алып, кейін қаскөй қанша өкінсе де, ол қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алмайды.
Сондықтан жасөспірімдер мен жастар өз-өзіне есеп беруі тиіс, бір рет жалған хабарлама беру – ол қоңырау шалған адамның өмірін ғана бүлдіріп қоймайды, оның отбасы үшін ұзақ жылдар бойы дақ болып қалады. Артынан қанша «бармағын тістеп» өкінгенмен, ештеңе өзгермейді», — деді ол.