Госорганы

«Терезелері ашылмайды, қабырғасында тарақандар жүреді»: Бейсенбаев ҚТЖ вагондарын сынады

Ол осындай ескі вагондарға жолаушылар билет таба алмайтынын айтты

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев «Қазақстан темір жолы» компаниясының ескірген пойыздарын сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Жаз келсе болды, қоғамда темір жол жолаушылары тасымалына қатысты шағым да көбейеді. Жылда қайталанатын жағдай. Темір жол жолаушылар тасымалы сапасының төмендігі сын көтермейді.

Себебі жолаушылар құрамының көп бөлігі кеңес заманының мұрасы. Жыл сайын біз вагондар паркін жаңарту мәселесін көтеріп келеміз. Көптеген уәделер бар, бірақ іс жүзінде жоспарланған қарқындар сақталмайды»,- деді Бейсенбаев.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта жылжымалы теміржол құрамының паркі 138 мың бірлікті құрайды, орташа тозуы 55%. Министрлік 2025-2030 жылдар аралығында вагондар паркін жаңартуды жоспарлап отыр.

«Осы орайда ескере кететін жайт «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы 1997 жылы құрылды. Яғни, 26 жыл күткеніміз аздай, енді тағы да 7 жыл күтуіміз керек. Күткен үмітіміз ақталатынына, вагондар паркін жаңарту жұмысы тиімді болатынына сеніміміз аз. 2030 жылы қалған вагондар ескіріп, теміржол құрамы паркінің тозуы 55%-дан да асып кетпейтініне кім кепіл?!

Осындай кондиционері істемейтін, терезелері ашылмайтын, қабырғасында тарақандар жүретін, қазіргі уақытта тозығы жеткен вагондарға жаз мезгілінде билет сатып алу арман болды. Ал сәті түсіп билет тапқан бақытты жандарды вагон ішіндегі нағыз масқара күтіп тұрады», — деді депутат.

Ол атағандай, жаз бойы халықтың жанайқайы әлеуметтік желіде көрінді.

«Жыл сайын біз азаматтарымыздың ішкі туризмге деген қызығушылығының артып келе жатқанын көріп отырмыз. Негізгі турмаршруттардағы жолаушылар ағынын басқаруға қатысты стратегиялық жоспар қажет. Билеттер тапшылығымен қатар, билет бағасының қымбатшылығын көріп отырмыз. Олар әртүрлі мобильді қосымшаларда сатып алу кезінде ерекшеленеді. Ресми беттерде тапшы маршруттарға билеттерді сатып алу кезінде тек жоғарғы орындар қолжетімді. Бұл жыл сайынғы теміржол билеттер құнын субсидиялауға қомақты қаражаттар бөлінуіне қарамастан орын алып отыр. Онымен қоймай, қымбат бағасына сапасы сай келмейтін пойыздардың жиі кешігуі орын алып жатыр. Соңғы кездері сапардағы азаматтарымыз үшін пойыздардың 1-2 сағат кешігуі үйреншікті жайт болып қалды. Бұл уақытты жоғалтуға ғана емес, кейде қаржылай шығындарға әкеледі, өйткені трансфермен келе жатқан жолаушылар келесі пойызға кешігіп қалады. Бірақ бұл үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға ешкім асықпайды», — деді Елнұр Бейсенбаев.

Министрлік мәліметінше, тек 2023 жылғы 11 және 17 тамыз аралығында жолаушылар пойыздарының 50 сағат 40 минутқа кешігіп келуінің 86 жағдайы тіркелді.

«Тағы бір алаңдатадын мәселе, ол аймақтардағы теміржол вокзалдарының кімнің меншігінде және қандай жағдайда екендігі. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында теміржол вокзалының ғимараты, станцияның өзі және жол учаскесі «Ресей темір жолдары» ресейлік мемлекеттік компаниясымен жалға алынған.

Еліміздің аумағындағы стратегиялық салада шетелдік оператордың жұмыс істеуі қалай болғаны?! «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясының құрылғанына 26 жыл болғанына қарамастан бұл саладағы жұмыс әлі күнге дейін ретке келетін емес.

Сол себепті, депутаттық сауалда көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеп, теміржол тасымалы мәселесін түбегейлі шешуді сұраймыз. Бұл жай ғана бір депутаттың сауалы емес, бір өңірден екінші өңірге жаз бойы жете алмаған мыңдаған «AMANAT» партиясының мүшелерінің өтініші деп біліңіз», — деді депутат Премьерге жолдаған сауалында.

Другие новости

Back to top button