Алматы

«Терезеден лақтырып жіберемін деген»: Алматыда жоғары сынып оқушылары 9 жасар балаға қысым көрсеткен

Елімізде мектеп оқушыларының 65%-ы қысымға ұшырап, буллингтің құрбаны болады. Мамандардың айтуынша, көп жағдайда мұның соңы өліммен аяқталады екен. Мәселен, Алматы тұрғыны Анна Орлова ұлы жоғары сынып оқушылары тарапынан қысымға ұшырағанын мәлімдеді. Алайда мектеп әкімшілігі еш шара қабылдамаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап.

Анна Орлованың айтуынша, оның 3-сыныпта оқитын ұлына оқу жылының басында жоғарғы сынып оқушылары қысым көрсеткен. Бір топ бала 9 жасар жеткіншекті мектептің спорт залында күштеп ұстап, «терезеден лақтырып жібереміз» деп қорқытыпты. Бұдан кейін ұлым мектепке барудан бас тартты дейді анасы.

“Әдеттегідей ұлымды мектептен алып кетіп бара жатқанда, оның өзін жайсыз сезініп тұрғанын байқадым. Алақаны терлеп, дауысы дірілдеп, қобалжып тұрды. Мен не болғанын сұрай бастаған соң, ол мән-жайды айтып берді. Жоғарғы сынып оқушылары қоқан-лоқы көрсеткен. Ал мектеп әкімшілігі бейғам отыр. Оларға баланың моральдық денсаулығы маңызды емес”, – деді Анна Орлова.

Мектеп әкімшілігі тиісті шара қабылдамаған соң, Анна Орлова балаларды қолдау қорына жүгінген. Жыл басынан бері бұл ұйымға буллингке қатысты 42 шағым түскен.

“Буллинг адамның жүйке жүйесінің тозуына, адамның өз-өзіне қол жұмсауына әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Оған жол беріп қойып, қарап отыруымызға болмайды. Сондықтан сарапшылар, психолог мамандар, медиаторлар мен құқық қорғаушылар бірігіп, буллингке қарсы күрес жүргізіп, жүйелі түрде жұмыс істеуі керек”, – деді қордық атқарушы директоры, психиолог Светлана Богатырева.

Психологтар буллингтің кез келген түрі қауіпті дейді. Физикалық тұрғыда ғана емес, психологиялық қысым көбейген. Алматы қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Халида Әжіғұлова мектептерде енді ресми түрде буллингке қарсы ережелер енгізілетінін айтты.

“Бірде-бір директор маған келіп, буллингке қарсы күресу үшін көмек сұраған емес. Құлшыныстары жоқ. Сондықтан мектептерге мұны міндеттеп қою керек. Қазір Оқу-ағарту министрлігі осыны қолға алды”, – дейді Алматы қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі, құқық қорғаушы Халида Әжіғұлова.

Сарапшылардың сөзінше, мектепте буллинг болған жағдайда оқу орнына тәуелсіз тексеріс жүргізілуі қажет.

Другие новости

Back to top button