Темірлан Еңсебек сотта Тоқаевқа үндеу жасады

Бүгін Темірлан Еңсебек ісі бойынша өткен сот отырысында қорғаушы тарап екі өтініш білдірді: сарапшының қорытындысын дәлел ретінде жарамсыз деп тану және жаңа сараптама тағайындау. Адвокаттың айтуынша, сараптама қорытындысында қателіктер мен сарапшының біліктілігіне күмән бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.
САРАПШЫҒА СЕНІМСІЗДІК
– Сарапшы қандай да бір біліктілікке ие екеніне сенімім болмады. Тіпті оның соттағы сөз сөйлеуі де кәсіби деңгейде көрінген жоқ. Мен оның қорытындысын дәлел ретінде есептемеуді сұраймын, – деді Темірлан Еңсебек.
Адвокатының айтуынша, сараптама қорытындысында нақты қандай сөздер немесе тіркестер қорлау сипатында екені көрсетілмеген. Бұл — қорытындының жеткілікті дәлелді еместігін білдіреді.
Алайда прокурор бұған жауап ретінде қорғау тарапы сот процесін созуға тырысып жатыр деп мәлімдеді:
– Сарапшы тек өз құзыреті шегіндегі мәселелерге баға берді. Ол жазбаны тұтастай қарастырды, жеке трек немесе жазба ретінде емес. Қорытындысын да толық жарияланым бойынша жасады, – деді прокурор.
ТОҚАЕВҚА ҮНДЕУ
Прокурор сөз сөйлеп тұрған кезде айыпталушы оны бөліп, пікір айтуға тырысты. Судья оған бірнеше рет ескерту жасады. Соған қарамастан, Темірлан Еңсебек мәлімдеме жасады:
– Прокурор біз процесті созып жатырмыз дейді. Ал шын мәнінде, құқық қорғау органдары бұл трекке қатысты 20 жыл бойы үнсіз жатты, қылмыстық іс қозғаған жоқ. Істі созған – солардың өзі. Ал енді қорғау тарапы заң аясында әрекет етсе, бізді кінәлайды. Маған сөйлетуге мүмкіндік бермейді. Өзімді қорғауға жол бермейді. Екі ауыз сөзді байланыстыра алмайтын сарапшының сөзіне сүйеніп, қорытынды жасайды. Менің конституциялық құқықтарымды бұзып отыр. Мен Тоқаевқа жүгінгім келеді. Осы іске назар аударсын. Менің құқықтарым қорғалсын. Бүкіл әлем көріп отырсын: «Жаңа Қазақстандағы» соттың қандай екенін. Әр шешім прокурордың пайдасына шығуда.
СОТ ШЕШІМІ
Судья қорғау тарабының екі өтінішін де қанағаттандырудан бас тартты. Сонымен қатар, судья қорғаушылар сот процесін әдейі созып жатыр деп атап өтті.