«Тек талонмен сатылады»: Батыс Қазақстанда автогаз тапшы
Батыс Қазақстан облысында сұйық отынның тапшылығы жергілікті жүргізушілерді әлекке салды. Жанармай бекеттерінің алдында ұзын-сонар кезек пайда болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Көлік жүргізушілері Алматыдан ары көгілдір отын таппай сенделіп жүр. Айтуынша, Шымкентте, Қызылордада жоқ атогазды Ақтөбеден аз да болса тапқан. Жанармай құю бекеттерінің алдынлағы ұзын-сонар кезекте көліктер кептеліп тұр. Алайда сағаттап кезек күткеннің пайдасы шамалы.
Газ тек талонмен сатылады. Салдарынан межелі жеріне жете алмай, жолда қалып қойған көліктер көп. Арасында тауар тасымалдайтын кәсіпкерлер де бар. Жүргізушілердің айтуынша, бұл тапшылық қолдан жасалып отыр. Себебі автогаз бағасы Қазақстан бойынша өскен. Батыс Қазақстанда көгілдір отынның құны 67 теңгеге көтерілген.
Алайда жергілікті билік өкілдері автогаздың тапшы болуына газ жеткізу кезіндегі қиындықтар себеп дейді. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәй Атырауға баратын жолды су шайып кеткендіктен газ жеткізілмей жатқанын айтады. Қазір қосымша газ жеткізу мәселесі шешіліп жатқан көрінеді.