«Техногенді соғыс болып жатқандай»: Саиров Қазақстанда жыл сайын 2 мың адам неден қаза табатынын айтты

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қандай өзгертулер енгізу керегін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Соңғы жылдары еліміздегі негізгі өнеркәсіп нысандарының 50 пайызы ескіріп тұр. Тау-кен кәсіпорындарының 60 пайызы көнерген. Қазірден бастап дабыл қағу керек. Соңғы 10 жылда түрлі өндірістік авариялардан 16 мың адам зардап шекті. Ауғанстандағы соғыс кезінде 14 мың адам зардап шеккен. Қазақстанда соңғы 10 жылда техногендік соғыс болып жатқандай. Жыл сайын бізде 2 мың адам қаза табады», — деді Саиров Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, кезінде ауқымды өнеркәсіп нысандарына иелік еткен ірі инвесторлар кәсіпорындарға ақша құйғысы келмейді.
«Біздегі барлық зауыт 30-50 жылдары салынды. Ал осы уақыт ішінде олар жаңармаған. Жылына өнеркәсіп орындары тек 9 пайызға жаңарады. Ал ескіру 60 пайызды құрайды. Бұл елімізге техногендік қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан осы заң аясында өнеркәсіп орындарының тұрақты түрде жаңартылып тұруына әсер ететін тетіктерді енгізу керек. Біздегі бір ірі зауыт экологиялық апатқа ұшыраса, адам денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан біздегі өндірістер экономикалық тұрғыдан ғана емес, мемлекеттің міндеттеуі арқылы да жаңарып тұруы керек», — дейді депутат.
Ерлан Саиров осы бағыттарды заң жүзінде реттеу керек екенін алға тартып, мәселенің өзекті екенін тағы бір мәрте атап өтті.